Несиесі кешірілгендердің көбі қай өңірлерде тұрады

3 Қазан 2019, 10:45
2029
Бөлісу:
Несиесі кешірілгендердің көбі қай өңірлерде тұрады
Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 26 маусымда президенттің «ҚР азаматтарының кепілсіз несиелер бойынша борыш жүктемесін азайту туралы» жарлығы шығып, 507 мыңнан астам адамның банк алдындағы 620 мыңдай берешегі өтелді. 

Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 105 млрд теңге жұмсалды. Бір реттік акцияның игілігін әсіресе Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан облысының тұрғындары көрген. Бұл туралы Қазақ радиосының жаңалықтар қызметі хабарлады. 

"Мысалы, Алматы қаласы бойынша 115 998 несие бойынша қарыз кешірілсе, Түркістан облысында 83 895, Шымкент қаласында 74 731 несие бойынша борыш президент жарлығына сай өтелген. Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында да кешіруге жататын кепілдіксіз несиелердің көп екенін атап өтуге болады. Мәселен, Жамбыл облысында барлық өтелген несиелердің 39 233-і, Қызылорда облысына 37 060-ы, Шығыс Қазақстан облысына 33 286-сы тиесілі. Ал ең аз несиесі өтелген өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан (6 336 несие), Ақмола (10 795 несие), Павлодар (13 245 несие) облыстары бар", - делінген Қазақ радиосының жаңалықтар қызметі хабарламасында. 

Айта кету керек, көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, асыраушысынан айырылған отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар және жетім балалардың берешектері бойынша қарыздарын өтеп беру жұмысы жалғасуда. Аталған бес санатқа кіретін, алайда несиесі өтелмегендердің қазір қосымша тізімі жасақталуда. Себебі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде борышкерлер жайлы кейбір ақпарат болмай шыққан. 

Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкке тізімге енбей қалған азаматтар туралы мәліметтерді екі апта сайын жолдап отыр. Бұл жұмыс желтоқсан айына дейін жалғасады. Одан кейін Ұлттық банк несие бюросымен аталған тізімді нақтылап, жыл аяғына дейін қалған борышкерлердің берешегі өтеледі. 

ҚР Ұлттық банкінің БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Рамазановтың сөзінше, өзін тізімнен таба алмаған азаматтар "111" колл орталығы арқылы мамандардан кеңес алуына мүмкіндігі бар.


Өзгелердің жаңалығы