Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Несие тарихы – бұл сіздің қарыз алушының досьесі, онда сіздің барлық несиеңіз және бөліп төленетін сатып алу туралы жазбалар бар.
Сіз несиені қашан және қандай сомаға ресімдедіңіз? Ақы төлеу уақтылы болды ма әлде кешіктірілді ме? Басқа банктерге несие туралы өтініш жасадыңыз ба? Осының бәрі несие тарих базасына енгізіледі. Қарызды ресімдеу кезінде банк әлеуетті клиент туралы деректерді несиелік бюролардан сұратады – деп жазады FinGramota Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру компаниясы.
Несие тарихы қанша уақыт сақталады?
«Қазақстан Республикасындағы несиелік бюролар және несие тарихын қалыптастыру туралы» ҚР Заңына сәйкес несиелік бюро несие тарих субъектісіне қатысты ақпаратты ол туралы соңғы ақпарат алынған күннен бастап 10 жыл бойы сақтауды қамтамасыз етеді. Қарыз алушылардың несие тарихтарының күшін жоюға жол берілмейді.
Нашар несиет тарихын түзетуге бола ма?
Өзіңіздің несие тарихыңызды жақсартуға болады. Мерзімі өткен қарызы бар қарыз алушылар үшін жақында мұндай мүмкіндік пайда болды. Несиелік бюро 90 күннен аса мерзімі өткен немесе өтіп жатқан несиеге (банктік қарыз немесе микроқарыз) «қалыпқа келтірілді» деген мәртебе бере алады.
Несие тарихындағы жағымсыз ақпаратты алып тастауға бола ма?
Егер кімде-кім сізге белгілі бір ақыға несие тарихыңызды «жақсартып беруге» немесе дербес несиелік есептегі жағымсыз ақпаратты алып тастауға ұсыныс жасаса, сенбеңіз – бұлар алаяқтар!
Несиеңіз болмағанның өзінде жылына бір рет несие тарихыңызды тексеріңіз!
Қазақстанның әрбір азаматы жылына бір рет несиелік бюродан (Мемлекеттік несиелік бюро және Бірінші несиелік бюро), ХҚО-дан немесе электрондық үкімет сайтынан өзінің несие тарихын тегін сұратып ала алады.