Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.
Экономика салаларын одан әрі қолдау мақсатында салалық мемлекеттік органдар, "Атамекен" ҰКП және бизнес қауымдастықтардың ұсыныстары қаралды. Кешенді жоспар экономика салалары бойынша барлық келісілген шараларды қамтиды. Олар: өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, тау-кен кешені, құрылыс, азаматтық авиация, логистика, туризм, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету секторы және іргелес салалар. Өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатында әр сала бойынша жаңа шаралар әзірленді, - деді министр.
Оның айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпті қолдау шаралары үшін қаржыландыру тетіктері айтарлықтай кеңейтілуде.
Өңдеу өнеркәсібі субъектілері мөлшеріне қарамастан, Ұлттық банк бағдарламасы бойынша айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру жоспарлануда. Ұзақмерзімді шарттарды ұлттық даму институттары "тұрақты кепіл" ретінде қабылдайтын болады. Өңдеу өнеркәсібі субъектілері "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алады. Сонымен қатар, экспорттық кредит беріледі. Бірнеше банктің бір қарыз алушыны бірлесіп кредиттеуі үшін банктік синдикатталған кредит беру жоспарлануда, - деді ол.
Руслан Дәленов отырыс барысында өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылғанын жеткізді. Қор арқылы 3%-дан артық емес мөлшерлеме бойынша өңдеуші кәсіпорындарға несие беру жоспарлануда
Бұл - мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк келісімшарттар жасау, жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидиялар беру тетігі жетілдіріледі. Одан басқа, жоғары экспорттық өнім өндірушілердің тасымалдау шығындарын 80 пайызға дейін өтеуді ұлғайту жоспарланып отыр. Қосылған құн салығын жедел қайтару айналым қаражатын ұлғайтуға ықпал етеді, - деді министр.Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі экономиялық өсімді қалпына келтіру жөніндегі 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспарды таныстырған болатын.
Оқи отырыңыз: