Неміс компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті

19 Желтоқсан 2023, 13:21
504
Бөлісу:
Неміс компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсенмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нұржан Нұржігітов Қазақстанның неміс ұйымдарымен жұмыс істеудегі оң тәжірибесін атап өтті. Мысалы, қазан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы (GIZ) «Орталық Азиядағы су ресурстарын климаттық әсерді ескере отырып басқару» өңірлік бағдарламасын іске асыру туралы шартқа қол қойды.

Өз кезегінде елші ханым неміс компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті екенін атап өтті. Ал отандық фермерлер тарапынан германиялық заманауи суару технологияларына қызығушылық байқалады.

Сондай-ақ, кездесуде еліміздің су саласы үшін мамандар даярлау туралы да сөз болды. Мәселен, Қазақстан-Неміс университетінде «Су ресурстарын интеграцияланған басқару» білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Моника Иверсен министрлікке Германияның жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға көмектесуге дайын екенін білдірді.

Біздің ынтымақтастығымыздың нақты бағыттарын анықтау үшін келесі кездесу сарапшылар деңгейінде болады деп үміттенемін. Біз бірлесіп жұмыс істеуге ашықпыз және алдымызға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Германияның мемлекеттік органдарымен де, неміс бизнесімен де өзара іс – қимыл жасауға дайынбыз, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Өзгелердің жаңалығы