Неліктен "пандемияны жеңген" елдерде COVID-19 қайта шығып жатыр?

25 Шілде 2020, 15:15
2749
Бөлісу:
Неліктен "пандемияны жеңген" елдерде COVID-19 қайта шығып жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемиямен тиімді күрес үшін жақтаған "алтын стандарт" елдерінде (Австралия, Жапония, Израиль, Гонконг) осы аптада COVID-19 инфекциясының жаңа ошағы қайтадан пайда болды  деп хабарлады rg.ru.

Сарапшылар Ақ үйдің коронавируспен күреске деген көзқарасын және пандемияны тежеу бойынша жалпыұлттық қатаң шаралардың жоқтығын сынай отырып, Құрама Штаттарға "алтын стандарт" елдерін үлгі етті. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, бұл мемлекеттер өздерінің "пандемияны жеңгені" туралы ерте жариялап, шектеулерді де ерте алып тастады.

Мысалы, Австралия әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң шектеу шараларын енгізе бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда пандемия туралы жариялады, ал Австралия билігі Қытайда болып келген шетелдік қонақтар үшін өз шекарасын ақпан айында-ақ жауып тастады. Содан кейін 19 наурызда барлық азаматтар мен бейрезиденттерге қатысты тиісті шаралар қабылдады.

Наурыз айының соңында жасыл континентте көпшілік жиналыстарға және ел ішіндегі маңызды емес сапарларға тыйым салынды және бірнеше ай бойы пандемия австралиялық биліктің бақылауында болды. 8 мамырда Австралия Премьер-министрі Скотт Моррисон шілде айында елдің ашылу жоспары барын жариялады. Оның айтуынша, пандемия басталғалы бері Австралияда барлығы жеті мыңға жуық вирус жұқтыру жағдайы және 97 өлім-жітім фактісі тіркелген. 
Сол кезде "ACCESS Health International" халықаралық талдау орталығының басшысы, доктор Уильям Хазелтин Австралияны АҚШ-қа үлгі деп атады, бұл ел Қытай мен Жаңа Зеландиямен қатар, тестілеу, байланыстарды қадағалау және нақты нұсқаулардың арқасында коронавирустың өршуін тиімді тежей алғанын айтты.

Алайда, елдегі жағдай шектеу шаралары алынып тасталысымен күрт өзгерді. Екі апта бұрын Австралия билігі 7 шілдеде Мельбурн қаласындағы люкс қонақүйлердің бірінде анықталған коронавирус инфекциясының өршуінен кейін Виктория штатында 6,6 миллион адамды оқшаулауға мәжбүр болды. Виктория және Жаңа Оңтүстік Уэльс штаттары арасындағы шекара жабылды, қоғамдық орындарда маска тағу міндеттелді. Алайда, бұл шаралар пандемияның өршуін тежемеді. Штаттың Премьер-министрі Даниял Эндрюстің айтуынша, сәрсенбі күні Викторияда COVID-19 ауруының 403 жаңа жағдайы тіркелген, бұл пандемия басталғалы бергі қатарынан болған үшінші жағдай. Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, жұма күні Австралияда 13 мыңнан астам вирус жұқтыру жағдайы және 140 өлім оқиғасы тіркелген. 

Гонконг пандемияға қаңтар айында-ақ санитарлық шектеулер енгізіп, дереу әрекет еткені ДДСҰ-ның жоғары бағасын үшін алды. Жергілікті Үкімет наурыз айында пандемияның екінші толқынын тежеу үшін одан әрі әрекет етті. Билік бейрезиденттерге Гонконгқа кіруге тыйым салды, қалалық әуежай транзитін тоқтатты. Сондай-ақ, спорт залдары жабылды, барларда алкоголь сатуға тыйым салынды, ал көптеген мейрамхана мен дәмханалар өз қызметін белгісіз мерзімге тоқтатты. Нәтижесінде, Гонконгта вирус жұқтырудың күнделікті көрсеткіші төмендеп, кейде нөлге де жетті.

Бұған қарамастан, Гонконг 6 шілдеден бастап шектеу шараларының бір бөлігі алынып тасталғаннан кейін билік вирус жұқтыру жағдайларының ықтимал "бақылаусыз өсуі" туралы мәлімдеген кезде "үшінші толқын" инфекциясымен бетпе-бет келді. Салдарынан жұма күні Гонконгта пандемияның басынан бері ең жоғары бір күндік өсім саналған 123 жұқтыру оқиғасы тіркелді. Гонконгта осы аптада қоғамдық жиналыстар қайтадан шектелді, мұндай шараларға төрт адам ғана қатыса алады, спорт залдары жабылды, ал сырттан келген шетелдіктердің COVID-19-ға теріс сынақ дәлелі болуы керек.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, Жапония коронавирусқа дереу әрекет жасаған елдердің бірі. 25 мамыр күні елдің Премьер-министрі Синдзо Абэ баспасөз мәслихатында билік бір жарым айдан кейін аурудың өршуін тоқтата алды деп мәлімдеді. Алайда, шілденің екінші жартысынан бастап вирус жұқтыру оқиғалары жылдам қарқынмен қайта өсе бастады. Жапон Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша бейсенбі күні елде ең жоғары тәуліктік көрсеткіш - 981 жұқтыру жағдайы, сондай-ақ, екі өлім-жітім тіркелді. Жапония билігі ауруханалардан тыс жерлерде инфекцияның пайда болуы симптомсыз ауру жұқтырғандардан пайда болуы мүмкін деп санайды. Токио азаматтарға маска тағып жүруді ұмытпау және әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы үндеу жолдады.

Сол сияқты ДДСҰ Израиль мемлекетін де бірнеше ай бойы коронавирус пандемиясымен күресте жеңіске жеткен ел ретінде мысалға келді. Сапарлардың шектелуіне және кәсіпорындардың жаппай жабылуына байланысты ел билігі вирустың таралуын тежеді. Коронавирус АҚШ пен Еуропада өршіп тұрған кезде, Израиль билігі экономиканың ашылуы мен шектеу шараларын алып тастау туралы әңгіме қозғап жатқан еді.

Алайда, Израильде мейрамханалар, сауда орталықтары мен жағажайлар ашылғаннан кейін бірнеше аптадан соң коронавирус ауруын жұқтырған жағдайлардың 50 есе өсуі байқалды: мамыр айының ортасында күніне шамамен 20 жаңа жағдай анықталған болса, екі айдан кейін кемінде 1000 жағдай анықталып жатты. Бейсенбіде 24 сағат ішінде Израильде инфекция жұқтыру жағдайының жаңа рекорды тіркелді (1 819 жағдай).
Сарапшылар вакцина табылғанға дейін жұқтыру қаупін толық жою мүмкін болмайтынын айтады.



Өзгелердің жаңалығы