Бүгін Түркістан қаласында «Neke tour» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
15 сәуір - Ғашықтар мерекесі аясында ерлі-зайыпты 15 жұп неке қию рәсімін киіз үйлерде өткізді. Мерекелік шарада Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков құттықтау сөз сөйлеп, байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Биылғы жылы Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отырған «Қозы көрпеш- Баян сұлу» күні қасиетті шаһарда ерекше форматта атап өтілуде. Осы мерекеге орай ұйымдастырылған «Neke tour» республикалық байқауы қоғамның ерекше қызығушылығын тудырды. Ел көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған жобаға 345 жұп өтінім беріп, байқаудың маңыздылығын арттырды. Бұл отау құрған жұптардың сенімді, махаббатты серік еткен беріктігі мен қасиетті Түркістанға деген құрметі деп білемін. Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы сыйластық, татулық, сенім сияқты асыл қасиеттерді басты ұстаным етіп алған байқаудың үздіктері бүгін арамызға келіп отыр, – деген ол көпшілікті мерекемен құттықтады.
15 жұп әртүрлі номинацияларға ие болды.
«Шаңырақ» номинациясы бойынша Шыңғыс Нұрғазы мен Асылтас Рахи жеңімпаз атанды. «Махаббат» номинациясы бойынша Тимур Шантиев пен Гүлсара Маженова, Бауыржан мен Айман Утаевтар, Нұрлан Тайғанов пен Жасмин Түменбаева, Алмат мен Ақнұр Кәден; «Ару» номинациясы бойынша Бекзат Бейсенбаев пен Аян Ахметова, Дархан Қорғанбек пен Сандуғаш Төлеуова, Нұрперзент Нұрланов пен Жібек Бескепе, Қанат Шәкәрім мен Сағымбек Мереке; «Жанұя» номинациясы бойынша Елдос Дүйжанов пен Галина Серікбаева, Бақдәулет Шахатай мен Аделия Жолдыбай, Қайсар Түйінбеков пен Саяжан Иман, Жандос Сапарғали мен Акбота Ғазез, Саттар Шаймерден мен Нұргүл Берістенбек марапатталды.
Түркістанға жолдама алған жеңімпаздарға екі күн бойы құрмет көрсетіледі. Мәселен бүгін романтикалық кешкі ас, фотосессия және мәдени бағдарлама ұйымдастырылса, ертең қаланың көрікті орындары мен қала маңындағы киелі жерлерге зиярат ету жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының «Open Turkistan» туристік-ақпараттық орталығы аталмыш байқауды жариялаған болатын. Байқау шарттары бойынша, 3-9 сәуір аралығында ерлі-зайыпты жұптар neke-turkistan.kz порталы арқылы қатысуға онлайн-өтінім жолдау керек болған.