Неге елде алдымен отандық емес, ресейлік вакцина өндірілмек?

9 Желтоқсан 2020, 16:16
2291
Бөлісу:
Неге елде алдымен отандық емес, ресейлік вакцина өндірілмек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сауалға Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Нұрлыбек Асылбеков жауап берді.

Оның айтуынша, министрлік ресейлік қана емес, сынамасы отандық вакцинадан ертерек басталған әлемдегі өзге де қауіпсіз вакциналарды балама ретінде қарастыруда. 

Ресей Федерациясы және Қазақстан елдері арасында «Спутник-V»  вакцинасын өндіру жөнінде келісім бар. Неге біз ол вакцинаны өндіруді қолға алмақпыз? Өздеріңізге мәлім ресейлік вакцинаның клиникалық сынамасы отандық вакцинадан ертерек басталды. Қазіргі күні оның бірінші және екінші кезеңі аяқталғаны мәлім. Сондай-ақ екінші тараптың ақпаратына сүйенсек, үшінші клиникалық сынама да аяқталуға жақын. Оның сынамасына 40 мыңнан астам адам қатысуда. Және оны өндіру үшін үшінші кезеңнің нәтижесін басшылыққа аламыз, - деді ол. 

Оның айтуынша, қазақстандықтар ресейлік вакцинаның клиникалық сынамасына қатысқан жоқ. Алайда әлемдік тәжірибе мен ережеге сай өзге елдің вакцинасын өндіру үшін оған дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесі жеткілікті.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Нұрлыбек Асылбеков «ДСМ өкілдері отандық вакцинаның сынамасына ерікті ретінде қатысты ма» деген сауалға жауап берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы