Неге біздің елде электриктер орталығы жоқ? – Әмірбек Садықбеков

19 Ақпан 2025, 18:04
235
Бөлісу:
Неге біздің елде электриктер орталығы жоқ? – Әмірбек Садықбеков
Фото: автордан

Түркістан қаласының электригі Әмірбек Садықбеков – 14 жылдық тәжірибесі бар маман. Өз саласында жоғары сұранысқа ие болған жанның еңбегі мен шеберлігі жергілікті жұртшылық арасында кеңінен танымал. Бүгінде электрик ретінде тек өз жұмысын ғана емес, кәсіби жауапкершілікті де маңызды санайтын Әмірбек Садықбековпен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасып көрді.

Әмірбек мырза, қазіргі таңда электр тоғына деген сұраныс екі есе артты. Бүкіл әлем электр энергиясына тәуелділікті мойындап отыр. Осы тұста, кәсіби маман ретінде қарапайым адамдар ескеруі қажет қандай маңызды ескертпелер бар? Мысалы, біз көбіне байқай бермейтін, алайда сіз жиі кездестіретін жағдайларға тоқталсаңыз.

Электр тоғы – үздіксіз айналымда жүретін процесс. Мен 14 жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін, сол себепті қазіргі кезде электр жүйесіне деген сұраныстың артқанын жақсы білемін. Қазір заман талабына сай барлық құрылғылар электр тоғына тәуелді. Бірақ байқағаным, тұрғындардың көбі қауіпсіздік шарасын дұрыс сақтамайды. Бұл мәселеде тек тұрғындар ғана емес, кейде әріптестерімнің өздері де жұмысқа салғырттық танытып жатады. Мысалы, орнатылуы қажет электр жүйесі үнемделіп, арзан жабдықтарға жүгінеді. Ал бұл өте қауіпті. Электр жүйесіндегі кез келген қателік үлкен апатқа, өртке немесе адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені біздің жұмысымыз қателікті кешірмейді. Тоқ деген иісі жоқ, көзге көрінбейді, қолмен ұстай алмайсың. Сондықтан тек қауіпсіздік шарасын қатаң сақтау керек. Мәселен, біз күнделікті өмірде қолданатын электр тоғының қуаты 220 ватт. Ал жылу қазандықтары секілді үлкен аймақтарда 380-нен асады. Оның қуаты бір адамды жеті метрге дейін лақтырып жібереді.

14 жылдан бері осы салада қызмет етіп келесіз. Біліміңізге тоқталайықшы, қайда оқып, қандай тәжірибе жинадыңыз?

Мен Түркістандағы Ауыл шаруашылығы және орта кәсіби-техникалық училищесін бітірдім. Кейін Тарих және экономика факультетінде тарихшы мамандығын оқып шықтым. Бірақ мектеп кезінен бастап электрлік жүйелер мен физикаға қызығушылығым болды. 34 жасымда сол салаға қайта оралып, Кентаудағы кәсіптік колледжде электр мамандығы бойынша қайта оқып шықтым. Бұл оқу маған жаңа мүмкіндіктер сыйлады. 2017 жылы оқуымды бітірген соң, Атыраудағы "Қарабатан" станциясында тоқ өндіру саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Сол тәжірибе маған кәсіби тұрғыда көп нәрсені үйретті. Содан кейін өз жұмысыма тек электрик ретінде емес, ғылыми тұрғыдан қарап, көп ойланатын болдым.

Жоғары біліміңіз бен мол тәжірибеңіз бар екен. Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда сіздің салаңызда қандай өзгерістер қажет?

Жоғарыда атап өткенімдей, мен мектеп кезінен физикаға қызықтым. Сол кезде мен ойлайтынмын, неге бізде практикалық тұрғыда тәжірибе жасау мүмкіндігі жоқ деп. Қазіргі уақытта да жағдай өзгермеген сияқты. Мектептердегі физика мен химия пәндеріне үлкен зертханалар қажет. Электрик мамандарына деген сұраныс өте жоғары, бірақ маман жетіспейді. Оның түпкі себебі – мектептегі оқыту жүйесінде жатыр деп ойлаймын. Егер бала жастайынан өз бетінше тәжірибе жасап, сынақтар өткізіп өскен болса, ол міндетті түрде жаңа жаңалықтар ашып, осы салада жетістікке жететін еді.

Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Мәселен, туған балаңызға өзіңіздің салаңызды жалғастыруға кеңес берер ме едіңіз?

Менің төрт қызым және бір ұлым бар. Қазіргі таңда ұлым 8-сыныпта оқиды. Ол физика мен математиканы жақсы көреді, кейде эксперименттер жасап көруге қызығушылық танытады. Мен өзім білетін нәрселерді оның қызығушылығымен бөлісіп, кеңес беруге тырысамын. Қазір электриктердің жалақысы айтарлықтай жоғары болғанын ескерсек, егер ұлым менің жолымды таңдауды шешсе, оған еш қарсылығым жоқ. Оның таңдауы мені қуантады, өйткені бұл салада үлкен мүмкіндіктер бар.

Бұл саланың басқа мамандықтан айырмашылығы қандай? Өзіңіздің ойға алған жоспарларыңыз бар ма?

Соңғы жылдары мені жиі "Неге біздің елде электриктер орталығы жоқ?" деген сұрақ мазалауда. Қазіргі таңда технократтық мамандықтарға әлі де дұрыс көзқарас қалыптаспағандай көрінеді. Егер мұндай орталық құрылған жағдайда, біздің саламыздың маңызы айтарлықтай артар еді. Мысалы, қазір жасанды интеллект дәуірі басталды, бірақ оның барлық технологиялары электрлік жүйемен тығыз байланысты. Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданса, бұл да электр энергиясын үнемдеу тәсілі болып саналады. Әрбір мамандық сияқты біздің салада да жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдер үнемі енгізіліп, жаңарып отырады. Сондықтан осындай кәсіби орталықтың ашылуы – үлкен мүмкіндік болар еді. Сонымен қатар, менің тағы бір арманым – "Автоматтандыру және басқару" мамандығын оқып үйрену. Жасым қырықтан асты, бірақ мен әлі де өзімді дамытатын, жаңа дағдыларды меңгеретін мүмкіндігім бар деп есептеймін.

14 жылыңызды осы салаға арнадыңыз. Не түйдіңіз? Қандай өмірлік құндылық қалыптастырдыңыз?

"Тоқпен ойнауға болмайды" деген ережені қазір көп адам ұмытып кеткен секілді. Қазіргі кезде тоққа қатысты ақпараттандыру саясаты да әлсіз болып тұр. Бұрын теледидар арқылы үнемі қауіпсіздік шараларын қатаң түрде ескертіп, насихаттап отырды. Қазір болса, бұл ақпаратты сирек естиміз. Адамдар электрлік жүйені күнделікті тұрмыстық құрал ретінде қабылдай бастады. Бірақ өкінішке орай, еліміздегі апатты жағдайлардың көпшілігі тоқтан болып жатыр. Ең қиыны, бұл мәселеге назар тек қайғылы оқиға болғанда ғана аударылады. Осы себепті мен әлеуметтік парақша ашып, тоқтың қауіпсіздігі туралы өз білгенімді сонда жариялап, халықты құлақтандыруға тырысып жүрмін. Халықты құлақтандыруға аз да болса септігім тисе деймін. Сол тілегім орындалып, қаралымдарым да біршама артты. Ең бастысы адамдарға пайдалы ақпараттар бөлісемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялады. Сіздің ойыңызша, бұл бетбұрыс қандай нәтиже береді?

Ел Президентінің "Жұмысшы мамандықтары жылын" жариялауы мен үшін өте қуанышты жаңалық. Себебі осы уақытқа дейін біздің саламыз көп жағдайда мамандық ретінде бағаланбай, елеусіз қалып келді. Бұл шешім жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңыздылығын арттырады, мамандық иелерінің еңбегі жоғары бағаланып, олардың мәртебесі көтеріледі. Бұдан бөлек, жастар арасында техникалық білім мен мамандық таңдауға деген қызығушылық артады деп ойлаймын. Осы бетбұрыстың нәтижесінде еңбек нарығында сұранысқа ие, білікті мамандар көптеп даярланып, еліміздің экономикасына да оң әсерін тигізетініне сенемін.

Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рақмет!

Лия Сауытова

Өзгелердің жаңалығы