Назарбаевтың немересінің компаниясы мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін

1 Тамыз 2023, 11:36
7074
Бөлісу:
Назарбаевтың немересінің компаниясы мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін
Фото: автордан

Назарбаевтың жиен немересі басқарып отырған компания мемлекет меншігіне өте ме? Үкімет отырысынан соң Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы сауалға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілі министрге "Экс-президент Назарбаевтың  жиен немересі Нұрәли Әлиев басқарып отырған "Транстелеком" АҚ бұрын мемлекет меншігінде болды. Мемлекеттік стратегиялық маңызы зор компания. Мемлекет басшысының заңсыз активтерді қайтару бастамасы бойынша бұл компания мемлекет меншігіне қайтарыла ма? Керек деп есептейсіз бе? Бұл мәселені депутаттар да көтеріп еді, - деген сұрақ қойылды.

Жамаубаевтың түсіндіруінше, бұл үшін, ең алдымен ведомство құрылуы керек. Екіншіден, комиссия жұмысын бастап, заң аясында компания басшылығы декларация беруі тиіс.

"Транстелекомның" тікелей Үкіметтің қарамағындағы акциялары жоқ. "Қазақтелекомның" басқа акционерлік қоғамдарда үлесі бар шығар. Ал активтерді қайтару бойынша қарайтын болсақ, ол әлі де қарастырылуы мүмкін. Өйткені әлі тиісті комиссия құрылған жоқ. Бұл жұмыспен Бас Прокуратураның арнайы ведомствосы айналысады. Жалпы олардың тікелей құзіретіндегі жұмыс деп айтуға болады. Қазір бұл ведомство құрылып жатыр. Егер бүкіл критерийлері заң аясына сәйкес келіп тұрса, тартуға мүмкіндік болса, әрине қарамағына өтеді, – деді Қаржы министрі.

Журналист "Үкімет мүшесі ретінде компания мемлекет меншігіне қайтарылуы керек деп ойлайсыз ба?",-  деп нақтылады.

Бәрі заң аясында болуы керек, – деп жауап берді Жамаубаев.

27 маусымда Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі активтер бірінші кезекте кімнен қайтарылатына үңіліп, жалпы процесс қалай жүретінін анықтап көрді.

12 шілдеде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын қабылдады.

Сондай-ақ Бас прокуратураның жанынан активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылатыны анықталды

Бұдан бөлек Қазақстанда қайтарылған активтерді басқаратын компания құру жоспарланып отырғаны белгілі болды.

Айта кетейік, кеше "Транстелеком" АҚ директорлар кеңесінің құрамы сайланды. Қазақстан қор биржасының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес оны Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш немересі - Нұрәли Әлиев басқарады. 

Өзгелердің жаңалығы