Назарбаевпен кездескен ұстаз: Ол қиындықсыз өмір болмайтынын айтты

20 Наурыз 2019, 13:55
3228
Бөлісу:
Назарбаевпен кездескен ұстаз: Ол қиындықсыз өмір болмайтынын айтты

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Білім саласының үздігі, Өскемен қаласындағы «Оралхан бөкей атындағы» №44 лицей директорының тәжірибе-эксперименталдық жұмыс бойынша орынбасары Нұржамал Садықова Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

«Жақында ғана, 7 наурыз күні Елбасымыз «Көктем шуағы» Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен кездескен еді. Мен осы дәстүрлі кездесуге өңір әйелдері атынан барып, облысымыздағы білім саласында атқарылып жатқан жетістіктер жайын баяндауға, Елбасымызға ұстаздар қауымын қолдаудағы игі істері үшін алғысымды айтуға мүмкіндік алдым. Сол кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің білім мен ғылым саласына мемлекеттің бөлетін қаржысы жыл санап арта беретінін айтқан еді», - деді Нұржамал Әнуарбекқызы.

Тұңғыш Президенттің өзінің, сондай-ақ бүкіл елдің өмірінде өте маңызды орын алатынын айтқан ол, Елбасымен әңгімелесу — бір сөзбен айтып жеткізуге келмейтін баға жетпес тәжірибе, әрі эмоция екенін тілге тиек етті.

«Естен кетпейтін кезең. Оның осыншама ашық-жарқын адам екенін білмеген едім. Екі арадағы диалог тілектестік қарым-қатынаста өтті. Президент бізді бірден баурап алды. Біз бірқатар ұсыныс пен бастамаларды ортаға салдық — нәтижесінде олардың барлығы Елбасының тарапынан құп алынды. Осы кездесуден жаңа күш алып қайттым», - деді ол.

Ел Президентімен жолықтырған тағдырына алғысы шексіз ұстаз Елбасымен кездесіп, оның қандай тұлға екенін шынайы танып білгенін айтады.

«Ол қиындықсыз өмір болмайтынын айтты, «бірақ ең бастысы қиындыққа емес, жетер табысты мақсат тұту керек», - деді. Оның бұл сөздері енді менің өмірлік ұраным болып қалмақ. Менің Президентім! Бұл сөзді қаншалықты айғайлап айтсам да, оның бейнесі менің жүрегімнен өмір бақи кетпейтіні анық. Елбасымыз, сіз президенттіктен кетсеңіз де, Қауіпсіздік Кеңесінің , «Nur Otan» партиясының төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі болып қалатыныңыз көңіліме қуаныш ұялатады. Біз сізді жақсы көреміз, шексіз алғыс білдіреміз!!!», - деп қосты Нұржамал Садықова.

Өзгелердің жаңалығы