Назарбаева Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасымен кездесті

23 Қыркүйек 2019, 21:16
1629
Бөлісу:
Назарбаева Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент сенатының төрағасы Дариға Назарбаева және Словакия Республикасы Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данкомен кездесуі барысында Қазақстан мен Словакияның парламентаралық іс-қимылы мен экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл туралы ҚР Парламенті сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар екі ел арасындағы байланыстардың қарқынды дамуы мен парламенттер ынтымақтастығының тиімділігін арттыра түсу қажеттігін атап өтті.

Сенат төрағасы биылғы жылы Словакия төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ ынтымақтастығына Қазақстан зор маңыз беретінін атап өтті.
Дариға Назарбаева еліміз Словакия төрағалығының бағдарламасын қолдайтынын және алға қойылған жоспарларды іске асыруда көмек көрсетуге әзір екенін айтты.

Сенат басшысы сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне назар аударды. Қазақстан Словакияда шығарылатын машина жасау технологияларын тартуға ерекше мүдделі. Сондай-ақ Дариға Назарбаеваның айтуынша Словакия кәсіпкерлері ЕАЭО артықшылықтарын пайдалана алады.

«Словакиялық кәсіпкерлерге одақтың көп миллиондық нарығына шыға алатын жоғары технологиялық бірлескен кәсіпорындарды Қазақстанда ашуды ұсынамыз. Біздің еліміз өнімдеріңізді үшінші елдер нарығына ілгерілететін көпір бола алады», - деді сенат төрағасы.

Словакия Республикасы Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данко өз кезегінде сенат басшысына кездесу үшін алғыс айтып, экономика және заң тұрғысында ынтымақтастықты дамытуға әзір екенін білдірді. Словакия Парламентінің басшысы сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды дамыту алаңы ретінде Қазақстанға назар аударған инвесторлар туралы айтып өтті.

Андрей Данко одан басқа білім беру, қорғаныс және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ орман шаруашылығын дамыту саласында ынтымақтастыққа әзір екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы