Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз

15 Қазан 2021, 21:31
5266
Бөлісу:
Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева жұмыс бабымен Шығыс Қазақстан облысына барды.

Сапар барысында Қор басшысы Елбасының «Қамқорлық» және «Ел үміті» бастамасының іске асуын көзбен көріп, көңілге түйді, жоба қатысушыларымен жүздесті. 

Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз

«Қамқорлық» жобасы аясында аймақтарда нейро-ортопедиялық аурумен ауыратын балаларға арналған алғашқы 8 оңалту орталығы ашылды. Өскемен қаласының «Ана мен бала орталығында» орналасқан орталықтың бірін Дариға Назарбаева Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен бірге аралады. Ай сайын орталық 18 жасқа дейінгі 50-ге жуық бала қабылдайды. Мұның 70%-дан астамы – ауылдан шыққан балалар. Тәулік бойы оларға стационарлық көмек көрсетіледі. 21 күндік емдеу курсы кезінде балалар медициналық, әлеуметтік және педагогикалық оңалтудан өтеді.

Біздің өңірге мұндай оңалту орталығының қаншалықты қажет екенін облыс бойынша ерекше күтімді қажет ететін 487 баланың тегін оңалтудан өткенінен білуге болады. 20 бала емдеуден кейін жүре бастады. Церебральды сал ауруына шалдыққан және басқа да сырқаты бар балаларға енді елордаға немесе Алматыға барудың қажеті жоқ. Егер бұрын оңалту курсын бір-екі жыл күтуге тура келсе, қазір балаларға жылына 3 рет көмек көрсетіледі, - дейді оңалту бөлімінің меңгерушісі Азамат Райымбеков.

Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз

Дариға Назарбаева логопед, дефектолог және психологтың сабақ беруін бақылап, сенсорлық және интерактивті бөлмелерді аралап, балалардың ата-анасымен әңгімелесті.

Маман даярлауға, озық әдістемені пайдалану сынды іспен оңалту орталығына әрі қарай да көмектесеміз. Ата-аналарға шыдамдылық, балаларға мықты денсаулық тілеймін!, - деген Дариға Назарбаева ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз

Сол балалардың бірінің әжесі Сәлия Ақаева Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен орталық мамандарына алғысын айтты.

Осы орталықтың, ұйымшыл ұжым еңбегінің арқасында немерем Жасмин дүниеге қайта келгендей болды. Жол-көлік оқиғасынан кейін қайтадан көзін ашып, күлімсіреп, түсініп, менімен сөйлесетін болды, - дейді ол.

Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз

Азамат Райымбековтың сөзінше, 2021 жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында тағы бір осындай нысан мен ерте араласу орталығы ашылады.

Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз

Дариға Назарбаева сапар барысында М.Әуезов атындағы №17 орта мектепте орналасқан инклюзияны қолдау кабинетіне (ИҚК) де ат басын бұрды. ИҚК ерекше күтімді қажет ететін баланы әлеуметтендіруде маңызды рөлге ие. Кабинетте балалар құрдастарымен бірге оқытылады. Оқу үдерісі кезінде балаларға қолдау көрсетіледі.

Қор басшысы Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығының да тыныс-тіршілігімен танысты.

Назарбаева: Оңалту орталықтарына көмектесеміз

Дариға Назарбаева сапар аясында Qabilet кабинетінде болды. Мұнда «Елбасы Медалі» жобасының қола медаль иегерлерімен, тәлімгерлермен және қатысушыларымен кездесіп, 5 оқушыға қола медаль табыстады. Айта кетейік, бұл жобалар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасының бір бөлігі саналады.

«Qabilet қызметі» жобасы (qabilet.elbasyacademy.kz) дарынды балалар мен жастарды қолдауға, оқушылар қабілетін ерте анықтауға бағытталған. Бірінші кезеңде жобаға 50 мыңға жуық бала қатыса алады.

«Елбасы Медалі» жобасына екі жыл ішінде ел бойынша 20 мыңнан астам адам қатысты. Спорт, талант пен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедиция мен жорық, еңбек тәжірибесі сынды 7 бағыт бойынша бақ сынады. 3920 қатысушы қола алса, 8 оқушы кеудесіне күміс медаль тақты. 605 иегер биыл ҚР ЖОО-на грант ұтып алды. Олардың 30%-дан астамы - ауыл мектептерінің түлектері.

Өзгелердің жаңалығы