Назарбаева: Әкімдіктер неге цифрларды ойдан шығаруға мәжбүр?

5 Ақпан 2020, 22:36
1349
Бөлісу:
Назарбаева: Әкімдіктер неге цифрларды ойдан шығаруға мәжбүр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Сенат Төрағасы шараны аша келіп, өткен отырыста көптеген мәселелер талқыланғанын және бюджет заңнамасын жетілдіру жөнінде тапсырмалар берілгенін атап өтті.

Сенаторлар алдында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасады. Ол бюджет процесін реформалау жөніндегі жол картасының орындалу барысы туралы айтты. Министрдің айтуынша, өткен жылы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленген болатын.

Сенат Төрағасы өз кезегінде мақсатты көрсеткіштерді жетілдіру мәселесін көтеріп, оны нақты талқылауды ұсынды.  Дариға Назарбаеваның айтуынша, көрсеткіштерге ұмтылу әкімдерді мәліметтерге қосып жазуға мәжбүр етіп отыр.

Өйткені олардың орындығында "отыруы" осыған байланысты. Ауыл шаруашылығының бәрі жеке меншікте әрі өнім өндірушілер де жеке адамдар болғанда – бұл таңқаларлық жағдай. Біз жоспарлы экономикадан бас тарттық. Ендеше әкімдіктер неге цифрларды ойдан шығаруға мәжбүр?! Сондықтан әдіс-тәсілдерді өзгерту керек, - деді Д.Назарбаева.

Д.Назарбаеваның пікірінше, бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысындағы мемлекеттік сатып алу кезінде әжептәуір проблемалар туындайды.

Бастапқы идея жақсы болды. Ол бюджет қаражатын жымқыруды қысқартуға, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру кезіндегі ашықтыққа бағытталған. Қағаз жүзінде бәрі жақсы болды. Заңдар да қабылданды, қаншама түзетулер енгізілді. Әйтсе де, осының бәрі жұмыс істемей отыр, - деді Сенат Төрағасы.

Дариға Назарбаева сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жекелеген баптары бойынша ақпаратқа қол жеткізуге қатысты ойын ортаға салды.

Мен онда құпия техника, әскери жабдықтар, электроника, байланыс бар екенін түсінемін. Бірақ, әскерді өмірлік қажетті тауарлармен жабдықтауға қатысты – тамақтану, киім-кешек, жиһаз туралы мәселелер неге өте құпия болды? Әскери техника мен қауіпсіздік мәселесіне қатысты емес мәселелердің бәрі ашық болуы тиіс. Сатып алынған осы өнім көлемінің қандай екенін білесіз бе? Бұл біздегі бизнес, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп үшін тамаша қолдау болар еді - деді ол.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың ақпараттары бойынша, мемлекеттік сатып алу туралы заң жетілдірілсе де, ол заңды сырт айналып өткен сатып алулар белең алған. Еліміздің барлық аймақтарындағы мемлекеттік сатып алулардың 90%-ы бір жерден жүзеге асып келеді.

Отырыс барысында бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөніндегі шаралар туралы мәселе де қаралды. Руслан Даленов өз сөзінде салықтық жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігіне жүргізілген талдау нәтижелері туралы айтты. Сарапшылардың бағалауынша, салықтық жеңілдіктерді толық көрсету үшін есеп-қисап сипаттарына өзгерістер қажет болып отыр.

Ұлттық экономика министрі «қол жеткен» жеңілдіктерге талдау жүргізуді салалық мемлекеттік органдарға заң жүзінде міндеттеуді ұсынды. 

Әйтпесе, олардағы жеңілдіктердің мультипликативтік әсері жөніндегі міндеттемелерді орындауда жауапкершіліктің болмауы бюджет түсіміне кері әсер етеді, - деді Р.Дәленов. 

Ол сондай-ақ әр түрлі салада болғандықтан олардағы жеңілдіктердің тиімділігін бірыңғай тәсіл арқылы бағалау мүмкін еместігін атап өтті.

Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов өз баяндамасында бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөнінде қабылданып жатқан шаралар тақырыбын одан әрі жалғастырды. Б.Шолпанқұлов "Атамекен" және басқа бизнес-қауымдастықтардың өкілдері тарапынан сынға түсіп жатса да, қосымша құн салығы бойынша есепке қою шегін 20 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету туралы ұсыныс дұрыс екенін атап өтті.

Бұл шара электронды түрде шот-фактураларды жазатын салық төлеушілер санын ұлғайтады, тиісінше, сауда айналымының едәуір бөлігін теңдей түрде жарыққа шығарады - деді ол.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Армения, Ресей және Қырғызстаннан әкелінген автомобильдердің кедендік баж бен кәдеге жарату төлемдерінің, қосымша құн салығының бюджеттен тыс қалуы туралы мәселе көтерді. Сенатор сондай көлік иелерінің есебін алмаған мемлекеттік органдардың, атап айтқанда ішкі істер, әділет, қаржы министрліктерінің жұмысына сын айтты.

Қаржы министрінің бірінші орынбасары жауап сөзінде одаққа қатыспайтын басқа мемлекеттердің аумағы арқылы автомобильдерді шығару жөніндегі тармақтарды кедендік бақылау органдарының қарастырмағаны туралы айтты. Бүгінгі күні бұл кемшіліктерді жою жөнінде келіссөздер жүргізілуде.

Жоғарғы Палата басшысы өз кезегінде шығындарды бюджетке қайтару нұсқаларын қайта қарау қажеттігін атап өтті. 

Көлік маркасына, құнына, көлеміне байланысты қанша төлеуі керек екенін әр адам түсіну керек. Оны саралап қарап, ымыраға келу керек, - деді Д.Назарбаева. 

Отырыста сөз алған сенатор Дәурен Әділбеков мемлекеттік бағдарламалардың тиімділік көрсеткіштерін анықтау, сондай-ақ жергілікті бюджеттің ауыспалы шығындарын жабу мәселелерін қозғады.

Дариға Назарбаева отырыс қорытындысы бойынша бюджетаралық қатынастарды жаңғырту, бюджеттің төртінші деңгейін енгізу мәселелерін қарастыру бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды.
Өзгелердің жаңалығы