Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Назарбаев Университеті Түркістан тауларына саяхат барысында қаза тапқан студенттерінің отбасына, туған-туыстары мен достарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі студентіміздің қайғылы жағдайда қаза тапқаны туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадық. Олар Түркістан облысының тауларына сапарға аттанған, құрамында 7 адам туристік топтың ішінде болған еді. Студенттеріміздің отбасыларына, туған-туыстары мен доспарына шын ниеттен көңіл айтамыз. Назарбаев Университеті өз тарапынан қаза тапқандардың отбасына қажетті барлық көмек көрсетіп, қолдау білдіретін болады. Бұл біз үшін азалы күн. Топтың қалған мүшелері жақын арада дін аман табылатындығына үлкен сенім артамыз, - делінген университеттің баспасөз қызметі таратқан көңіл айтуда.Еске салайық, Төлеби ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 2021 жылғы 25 мамырда 18 сағат 30 минутта келіп түсті. Олардың үшеуі кеше табылған болатын. 21 мамырда туристер жаяу «Сары-айғыр» шатқалына бет алған және 24 мамырда қайту қажет болған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен. Ал бүгін туристік топтың 2 мүшесінің мүрдесі табылғаны хабарланды.