Назарбаев орталығында шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кездесу өтті

1 Наурыз 2021, 16:24
1989
Бөлісу:
Назарбаев орталығында шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кездесу өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев бірқатар шетелдік дипломатиялық өкілдік басшыларымен кездесті, деп хабарлады АҚДМ баспасөз қызметі.

Қонақтар қатарында Кувейттің, Беларусь Республикасының, Иордан Хашимит Корольдігінің, Қырғыз Республикасының, Нидерланд Корольдігінің, Палестинаның, Румынияның, Өзбекстанның, Ауғанстанның елшілері қатысты.

Кездесу мақсаты - аймақтық және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған өркениетаралық және дінаралық диалогты дамыту саласындағы бастамаларды талқылау, серіктестікті күшейту, қонақтарды Орталықтың негізгі қызмет бағыттарымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығы қарсаңындағы халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарларымен бөлісу болып табылды, - делінген хабарламада.

Болат Сәрсенбаев 2022 жылы кезекті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу мен 2021 жылы XIX Съезд Хатшылығын ұйымдастыру маңыздылығына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде дипломатиялық өкілдіктер басшылары халықаралық іс-шараларды – XIX Хатшылықты және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін – ұйымдастыру мәселелері бойынша серіктестікке дайындықтарын білдірді. 

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың конфессиялар арасында тиімді бейбіт және келісім стратегиясын құру ісіне үлесін, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстанды халықаралық алаңда діндер мен өркениеттер диалогының жаһандық орталығы ретінде деңгейін көтерудегі рөліне ерекше тоқталды.

Жалпы кездесу жылы және достық жағдайда өтіп, рухани дипломатия саласында ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуда жаңа түрткі болды.

Орталықты таныстыру қорытындысы ретінде Бейбітшілік пен келісім мұражайында экскурсия өткізілді.


Өзгелердің жаңалығы