Назарбаев халықаралық әуежайының бір жылдағы табысы 100 млрд теңге болды

31 Қаңтар 2023, 09:28
1266
Бөлісу:
Назарбаев халықаралық әуежайының бір жылдағы табысы 100 млрд теңге болды
Фото: «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз қызметі

2023 жылдың қорытындысы бойынша елорда әуежайы 5,3 млрд теңге таза табысқа қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана әуежайы өткен 2022 жылды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ тасқарма төрағасы Дәулет Хамзиннің айтуынша, жыл қорытындысы қаржылық көрсеткіштер жағынан да, өндірістік көрсеткіштер бойынша да оң нәтиже беріп отыр. 

Мәселен, елордалық әуе айлағы соңғы 5 жылда алғаш рет операциялық және таза пайдаға шықты, ал бір жылдағы жалпы табыс 100 млрд теңгеден асты. Егер жалпы операциялық пайда шамамен 25 млрд теңгені құраса, таза табыс көлемі 5,3 млрд теңге шамасында болды.

Ішкі тасымалдау барысындағы белсенділіктің артуының нәтижесінде әуежай өткен жылы алғаш рет алты миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл сан рекордтық көрсеткішке жетті. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша 2021 жылға қатысты 24 пайызға және 2019 жылға қатысты 30%-ға өсім байқалады. 

Халықаралық рейстер туралы айтар болсақ, рейстер пандемияға дейінгі кезең деңгейіне дейін қалпына келгенін атап өткен жөн. Өткен жылы әуежай әкімшілігімен 5 жаңа авиакомпания жұмысқа тартылып, жаңадан 6 авиамаршрут ашылған болатын. Сонымен қатар Turkish Airlines Стамбулға тасымалдайтын рейстер санын 3 есеге арттырды, ал оның еншілес кәсіпорны AnadoluJet Анкара қаласына рейстер ашты.

Жақын арада жаңа әуе рейстері ашылады. Біз 2023 жылы Neos және Air Asia сияқты ірі компаниялар қатарымызға қосылады деген сенімдеміз. Үнді авиакомпаниялары да үлкен қызығушылық танытып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Qatar Airways компаниясымен келіссөздер жүргізілді. Air Asia және WizzAir авиакомпаниялары да Астанада тұрақтау туралы шешім қабылдайды деп күтеміз, - деп атап өтті халықаралық әуежайдың басшысы Дәулет Хамзин.

Елордалық әуе айлағының басшылығы жүк компанияларымен де белсенді келіссөздер жүргізіп отырғанын да айта кеткен жөн. Осылайша, өткен жылы еуропалық тасымалдаушылардың бірі елордалық әуежайға бірнеше әуе кемесін ауыстырған еді. Қазір халықаралық әуежайда АэроТранс Карго, ASL Airlines және Challenge Airlines сынды 3 жүк тасымалдаушы орналасқан. Биыл Turkish Cargo, Cargolux және Air Belgium Cargo сияқты компаниялар келеді деп күтілуде. 

Өзгелердің жаңалығы