Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде бүгін қазақстандықтардың еліміз үшін ең маңызды саяси оқиғаға қатысып жатқанын атап өтті.
Бұл сайлау Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығымен тұспа-тұс келді. Бүгін бәріміз сайлауға жарқын болашақ, қазақстандықтардың өркендеуі мен тұрмыс сапасын жақсарту үшін қатысып отырмыз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа құрамдағы Мәжіліс пен мәслихаттардың алдында күрделі әрі жауапты міндеттер тұрғанын атап өтті.
Отыз жыл ішінде біраз шаруа атқарылды. Ынта-жігер мен береке-бірліктің арқасында бірталай жетістікке қол жеткіздік. Ең бастысы – біз мемлекеттің негізін қаладық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы қазақстандықтарды Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға белсенді қатысуға және дауыс беруге шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы №115 сайлау учаскесінде дауыс берді.