Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ұсынған жобасы мақұлданды.
2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР үкіметі мен РФ үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңын ұсынып отырмыз. Заң жобасы "Бәйтерек" жобасын іске асырудың негізгі шарттарын өзектендіруді көздейді. Алғашында жобаны "Ангара" ресейлік зымыранның негізінде іске асыру жоспарланған болатын. Бірақ "Ангара" зымыраны уақытында дайын болмағандықтан, тараптар жобаны іске асырудың көптеген әртүрлі нұсқаларын қарастырып, талдау жасады. Мәселені қосымша пысықтаудың нәтижесінде екі тарап "Союз-5" зымыраны негізінде іске асыруды шешті, - дейді Асқар Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, Ресей Федерациясы зымыранды жасау үшін жауап берсе, Қазақстан жерүсті инфрақұрылымы үшін жауапты.
Осы жобада Ресей тарапы "Союз-5" зымыранды, техникалық және старттық кешендерінде бақылау-тексеру жабдықтарын құруды, сондай-ақ үдемелі блоктың техникалық кешенін, ғарыш аппаратын және ғарыштық бастиек бөлігін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Осы жұмыстар 916 млн АҚШ доллары сомасында бағаланды. Жаңғырту мақсатында 2018 жылы "Байқоңыр" айлағының 42, 43 және 45-алаңдарында орналасқан "Зенит-М" кешенінің 243 нысаны Қазақстан тарапына берілді. Қазақстан тарапы "Зенит-М" кешенінің жерүсті инфрақұрылымы нысандарын қайта жаңарту мен жаңғыртуды жасайды. Старттық және техникалық кешендерді жаңғырту, жұмыс істеп тұрғандарын күрделі жөндеу және қайта жаңарту, сондай-ақ жерүсті ғарыш инфрақұрылымының жаңа объектілерін салу жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді ол.
Бұл жұмыстар 233 млн АҚШ долларымен бағаланып отыр екен.
Жерүсті кешенін жаңғырту және құрылыс жұмыстары кезінде қазақстандық компанияларды барынша тарту жоспарланады, ол қосымша жұмыс орындарын береді. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін іске қосу - "Байқоңырды" ең белсеңді ғарыш айлағы ретінде сақтауға мүмкіндік береді. Аталған құжатты қабылдау ҚР қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешені бойынша стратегиялық әріптестік пен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді, - дейді Асқар Жұмағалиев.
Айта кетейік, қыркүйек айында Ресей президенті Владимир Путин "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атауды ұсынған болатын. Бұған дейін министр "Бәйтерек" қашан Назарбаев болып өзгеретінін айтқан болатын.
Бүгін Сенат аталған заң жобасын қолдап, дауыс берді. Сөйтіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілді.