Назарбаев: Алматы – Қазақстандағы ең үлкен мегаполис

2 Наурыз 2020, 17:20
2020
Бөлісу:
Назарбаев:  Алматы – Қазақстандағы ең үлкен мегаполис

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Бұл туралы Елбасының жеке сайты хабарлады.

Мегаполис басшысы қала дамуының 2020 жылғы қаңтар айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, олардың әрі қарай өсу перспективалары жайлы айтып берді.

Сонымен бірге, Б.Сағынтаев Елбасына өндірісті дамыту, құрылыс, шағын және орта бизнес, сондай-ақ, инвестиция тарту салаларындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асу барысы туралы мәлімет берді.

Алматы қаласы әкімінің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар айында инвестиция көлемі 43,2 млрд теңгеден асты. Өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда өсім 22 пайызды құрады. Бөлшек сауда көлемі 7,5 пайызға өсті. Осы жылдың алғашқы айында қалада 84,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы қаңтардағы көрсеткіштен 6,7 пайызға артық.

Елбасы қала басшылығының атқарып жатқан жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

Өткен жыл жақсы көрсеткіштермен аяқталды. Алматы – Қазақстандағы ең үлкен мегаполис. Қалада көптеген проблема бар екенін білемін. Ол – экология, көлік, шағын және орта бизнестің дамуы, көші-қон мәселесі мен халықты жұмыспен қамту. Бұл мәселелер бізге бұрыннан белгілі. Оларды жүйелі түрде шешу маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті өсіп келе жатқан қала халқын әлеуметтік нысандармен – емханалар, мектептер және балабақшалармен қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы