Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуразия аймағында ауқымды жаңа ұйым құрылуы керек. Бұл туралы «Астана клуб» отырысына онлайн қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Назарбаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Түркі мемлекеттері ұйымы арасында тікелей экономикалық байланыстарды нығайту керек. Бұл бастама әлемдік деңгейде, әсіресе Азия елдеріне пайда береді.
Бұл бүкіл ғаламшар үшін үлкен жеңіс болар еді. Осыған орай Үлкен Еуразияның төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын. Онда елдеріміз Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндіктерін талқылап, ілгерілете алар еді. Қазақстан Мемлекет және Үкімет басшылары деңгейіндегі мұндай форумды ұйымдастырушылардың бірі бола алады, - деді Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы Ауғанстандағы ахуалдың әлі де күрделі екеніне назар аударды.
Тәліптердің тез арадағы жеңісі мен америкалықтардың кетуі бұл елдегі ахуалды түбегейлі күрделендіріп жіберді. Ауғанстан таяу келешекте-ақ ауқымды гуманитарлық апатпен бетпе-бет келуі мүмкін. БҰҰ мәліметінше, 23 млн адам немесе ауған халқының жартысынан көбі азық-түлік жетіспеушілігінің зардабын тартады. Бұл босқындардың жаңа толқынына түрткі болуы ықтимал. Тек 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана олардың саны 400 мың адамнан асып түсті, - деді Елбасы.