Ұстаз болу үшін білім жолында аш қасқырдай болуың керек – Наурызова

19 Сәуір 2021, 11:42
8401
Бөлісу:
Ұстаз болу үшін білім жолында аш қасқырдай болуың керек – Наурызова
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспе. Біріншісі - жар таңдауда, екіншісі – мамандық таңдауда» деген қанатты сөз бар. Өз саласының дамуына үлес қосып жүрген ұстаз, Тәуелсіздік құрдасы Гүлдария Наурызова мамандық таңдауда қателеспедім дейді. Ол қазақ тілі, орыс тілі мұғалімі тәрізді қатардағы мамандықты емес, инженер-құрылысшы мамандығын таңдаған. Қазір «Astana Polytechnic» жоғарғы колледжінде оқытушы болып жұмыс істейтін ол еңбек жолы, құрылысшы мамандығының маңыздылығы, қашықтан оқытудың қызығы мен шыжығы жайлы әңгімелеп берді.

Тілші: Тәуелсіздік құрдасы екенсіз. 30 жылда елімізбен бірге өсіп-өркендеп келесіз. Қазақстанның болашақ құрылысшыларын дайындап жатырсыз. Осы салада еңбек етіп жүргеніңізге қанша жыл болды? Қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?

Гүлдария Наурызова: Мен Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Қараөзен ауылында дүние келдім. Анам 35 жылдық тәжірибесі бар ұстаз. Ұстаздық қасиеттері анамнан дарыған шығар деп ойлаймын. Мектеп қабырғасындағы 11 жылдық білім негізін қалағаннан кейін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Сәулет-құрылыс факультетіне грант жеңіп алып, 4 жылдық кәсіби білім алдым. Туған жерге оралдым. Орал қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 3 жыл тәжірибе жинақтап, ғылыми дәрежемді техника ғылымдарының магистріне дейін көтеріп, ел ордасына қайта оралдым. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында қызмет еткеніме 8 жылға таяды. Еңбек жолым Орал қаласындағы «Орал Құрылыс Жөндеу Сервис» ЖШС инженер-құрылысшы ретінде бастау алды. 2013 жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру саласына бет бұрдым. Оқытушылық қызметімді Орал қаласындағы «Экономика және ақпараттық технологиялар» колледжінде бастадым. Бүгінгі таңда «Astana Polytechnic» жоғарғы колледжінде оқытушымын. Осы жылдарда 400-ге жуық құрылыс саласының жұмысшы және орта буынды мамандарын дайындауға атсалыстым. 

Ұстаз болу үшін білім жолында аш қасқырдай болуың керек – Наурызова

Тілші: Неліктен қазақ тілі, математика мұғалімі емес, «құрылысшы» мамандығын таңдадыңыз? 

Гүлдария Наурызова: Мектепті аяқтағаннан кейін ата-анам Сіз атап өткен пәндердің оқытушысы болуға ұсыныс тастады. Бірақ менің арманым нақты жұмыстың нәтижесі көрінетін мамандық болды. Таңдауым осы - «құрылыс» саласына түсті. Бұл мамандық өмірдің кез келген саласында қолданылатын әмбебап мамандық. Табыс табу саласында да, лауазым жағынан да, тіпті өз үйіңізді жөндеу немесе тұрғызғанда да пайдасы орасан зор. Бірақ адамның дегені әркез бола бермейді екен. Мұғалімдік саладан қашып, құрылыс саласын таңдағанымен, ананың сүтімен берілген ұстаздық менің бойымнан да табылып, өмір жолы мені ұстаздықпен табыстырды. Бүгінгі таңда екі мамандықты да қатар алып келем. Бүгінгі таңда мен, педагог-құрлысшымын. 

Тілші: Мамандығыңыз сізге несімен ұнайды? Жұмысыңыз шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндік бере ме? 

Гүлдария Наурызова: Құрылыс мамандығы ең көне және әркез сұранысқа ие мамандық. Кез келген құрылыс нысаны - жоқтан бар жасау үрдісі. Жұмыстың нәтижесі нақты белгілі. Сонымен қатар құрылыс саласында жылма жыл жаңашылдық, үрдістер, материалдар және технологиялар жаңарып отырады. Бұл дегеніміз үнемі ізденіс пен даму. Бұл салада үнемі ізденісте, жаңашылдыққа құмар, шығармашылық талпыныста болмасаңыз, маман ретінде Сізге деген сұраныс азаяды. Үнемі ізденімпаздық - бұл заман талабы. 

Тілші: Мамандығыңыздың қоғам үшін, ел үшін қандай маңызы бар? 

Гүлдария Наурызова: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген Әл-Фараби бабамыз айтып өткендей, шәкірттеріме, ең алдымен, тәрбие беруге, яғни ұжымдық және кәсіби тәрбие беруге тырысамын. Адамшершіліктің алтын қағидаларын, сыйластыққа, ұжымдық мәдениетке, ар-ождан кодекстерін саналарына сіңіруге тырысамын. Тәрбие және білім бұл таразының екі табағы секелді. Әркез тең ұстай білу қажет. Бұл маман болып қалыптасудан да маңызды. Ұстаздық қызметтің жүгі ауыр. Ал болашақ мамандарды даярлау жауапкершілігі одан да ауыр. Арнайы пән оқытушыларының берген кәсіби білімі, ең алдымен, мына Сізбен біздің пайдаланып отырған үйіміздің сапасының көрсеткіші. Құрылыс мамандығы шалалық пен қателікті көтермейтін мамандық. Қоғамдағы маңыздылығы осы деп ойлаймын. 

Ұстаз болу үшін білім жолында аш қасқырдай болуың керек – Наурызова

Тілші: 2020 жылы коронавирус пандемиясы салдарынан еліміз бойынша карантин жарияланды. Ұстаз ретінде оқу процесінде қиындықтар болды ма? Студенттеріңіз «қашықтан оқисыздар» деген жаңалықты қалай қабылдады? Қазір қалай оқытып жатырсыздар? Қашықтан оқытудың жағымды және жағымсыз тұстарына тоқталып өтсеңіз. 

Гүлдария Наурызова: Иә, 2020 жыл өндірісте, экономикада тіпті білім саласындада ойып тұрып орын алды. Өткен жылдың 16 наурызынан бастап қашықтан оқытудамыз. Әрине, қиындықтар болды. Оқу процесін ұйымдастыру, білім алушыларды ұйымдастыру өте қиынға соқты. 

Оқу үрдісін ұйымдастыру барысында төмендегідей қиындықтар кездесті: 

-        Білім алушылардың техникалық жабдықтарының жетіспеуі; 

-        Интернет желісінің жаппай қолданысқа төтеп бере алмауы; 

-        Шет аймақтағы білім алушылармен байланыс орнату; 

-        Кейбір арнайы пәннен курстық жобаларды орындау барысында арнайы есептеу және жобалау бағдарламаларға білім алушылардың басым бөлігінің қолы жетпеуі;

Қашықтықтан оқу білім алушылар үшін де таңсық жағдай болды. Бұл жерде ой екіге бөлінді. Өйткені кей білім алушыға ыңғайсыздық туғызды. Бүгінгі таңда да білім алушылар қашықтан оқуда. Қашықтан оқыту, біріншіден, өндірістік оқытуға зиян келтіруде. Себебі өндірістік оқыту барысында білім алушылар тәжірибелік сабақтарды өз қолдарымен орындау мүмкіндігінен қағылып тұр. 

Тілші: Мемлекет тарапынан бюджеттік сала қызметкерлеріне берілетін артықшылықтар көп. Ұстаздардың айлығы да жыл санап көбеюде. Мемлекет ұсынып отырған осындай игіліктердің жемісін көріп жатырсыз ба? 

Гүлдария Наурызова: Иә, бүгінгі таңда оқытушылардың табысы да, оларға деген мемлекеттің қолдауы да артып жатыр. 2019 жылдың 27 желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» заңға сай оқытушылардың құқықтары қорғалып, тұрмыстық жағдайлары жақсарып келеді. Мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болған әріптестерім жетерлік. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жас мұғалімдерге жалға берілетін баспана және жатақхана бөлмелері де оқытушылар үшін орасан зор көмек деп ойлаймын. Осы ретте шешімі табылмай тұрған бір жайт бар. Ол педагог мәртебесі туралы заң аясында мектеп мұғалімдеріне 30% қосымша төлем ақы жүреді. Бұл ұстаздар үшін өте қомақты көмек. Мектептегі әріптестерім үшін өте қуаныштымыз. Бірақ колледж ұстаздары дәл осы заң аясында магистрлік дәреже үшін қосымша төлемнен ада қалып отыр. Бұл ұстаз үшін үлкен мотивация болар еді. Жалпы білім беретін пән ұстаздарының таңдауы мектепке ауысып кетуінің де себептерінің бірі осы. 

Ұстаз болу үшін білім жолында аш қасқырдай болуың керек – Наурызова

Тілші: Болашақта сіздің мамандығыңыз бойынша мамандар сұранысқа ие болады деп ойлайсыз ба? 

Гүлдария Наурызова: Әрине, еш күмәнсіз. Мен өзімді екі мамандық иесімін деп ойлаймын. Бірі - оқытушы, екіншісі - құрылысшы. Қай заманда да, қай салада болмасын ізденімпаз, еңбекқор, білімді және жаңашыл мамандар жоғары сұранысқа ие бола бермек. 

Тілші: Бұрын ұстаздардың жұмысында қағазбастылық көп болатын. Пандемия басталғалы Аймағамбетов ұстаздарды артық жұмыстан босатуды талап етті. Оның талабы орындалып жатыр ма? Бұрынғымен салыстырғанда есеп беруге қанша уақыт жұмсалады? 

Гүлдария Наурызова: Қағазбастылық 10-20% азайған. Бұрын ұстаздарды әртүрлі шараларға, іс-шаралардағы орын санын толтыруға және т.б қоғамдық жұмыстарға жиі араластырып, жиі алаңдататын. Қазір елімізде карантин болғандықтан, азайған тәрізді. Оқытушылардың қағазбастылығын азайту мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі ұстаз әрқашан ізденімпаз болуы керек. ТжКБ саласында қазір кәсіби стандарттар және WorldSkills чемпионатының кәсіби қозғалысының талаптарын оқу үрдісіне енгізу қарқынды қолға алынып жатқандықтан, оқу бағдарламалары өзгеріске ұшырап жатыр. Оқу бағдарламасы өзгерді дегеніміз, ол толық пән материалдарын жаңаша жаңғырту. Сол себепті бүгінгі таңда колледж ұстаздары үнемі ізденісте, үнемі жаңашылдықты іздеп тұрады. Ең алғаш өндірісті тастап, оқытушылыққа бет бұрған кезде анам «Ұстаз болу үшін даланың аш қасқырындай бол, білімге және жаңажылдыққа аш, құштар болуың керек» деп айтқаны жадымда жақсы сақталыпты.

Тілші: Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Өзгелердің жаңалығы