"Наурызнама" концепциясы - ұлттық кодымыздың айғағы. Мамандар не дейді?

21 Наурыз 2024, 17:34
483
Бөлісу:
"Наурызнама" концепциясы - ұлттық кодымыздың айғағы. Мамандар не дейді?

Биыл елімізде Әз-Наурызды тойлаудың «Наурызнама» атты концепция қабылданды. Енді көпұлтты еліміз көктем мерекесін жаңаша атап өтеді. Бұған қатысты мамандар не дейді? BAQ.KZ агенттігінің тілшісі Наурыз мерекесінің тарихи бастауы, қазақ халқының құндылықтары туралы зерттеу жүргізіп жүрген жас маман, педагогика ғылымдарының магистрі Айгерім Ташекованы сөзге тартқан еді.

Айгерім Ташекова - Торайғыров университетінің «Үш тұғырлы тіл» кафедрасының аға оқытушысы. Жас маманның айтуынша, жаңа концепциясы келер ұрпаққа Наурыз мерекесінің шығу тарихын ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрлері, тарихы мен мәдени құндылықтарын тереңнен түсіндіруге сеп.

- Сіздің ойыңызша, қазіргі концепцияның маңыздылығы қандай болу керек деп ойлайсыз?

- Тарихқа көз жүгіртсек, Наурыз - қазақ халқының ғана емес, барша түркі әлемінің ортақ мейрамы. Жыл басы, түн мен күннің теңесуі болып табылатынын білеміз. Биылдан баста мереке «Наурызнама» атты онкүндікпен тойланып жатыр. Бұл концепция ата- бабаларымыз салып кеткен сара жолдан таймай, мерекені сан ғасырлар бұрын тойлағандай жаңғыртуға оң әсерін тигізіп отыр. Бүгінгі мерекелік шараларымыз арқылы біз, бүгінгі Тәуелсіз ел азаматтары тарихқа жақындап, ата-баба ізін жалғап келеміз. Себебі, бұрын халқымыз қыстан аман-есен шыққанын «Көрісу» күнімен теңестірілген. Қазақта «Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылу» деген жақсы сөз бар. Қазіргі «Наурызнама» сол заманғы халқымыздың ұлттық ерекшелігі мен дүниетанымын паш етеді. Ал бұл концепция арқылы біз түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарай аламыз.

- Наурыз қарапайым мереке, жылдың басы емес, өз алдына қазақ өнері мен фольклоры, жалпы құндылықтарының қайнар көзі. Бұл құндылықтар жұртшылыққа, келешек ұрпаққа қалай жеткізілуі керек деп ойлайсыз?

- Жаңару мерекесі тарихға үңіліп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух, мәдени құндылықтар мен ұлттық кодымызды сіңіруге барынша оң септігін тигізеді. Наурыз мерекесін ауқымды тойлау жастар арасында ұлт дәстүрлерін насихаттауға көмектеседі. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Ертіс өңірінде «Көрісу» күні деген мереке жат көрінетін. Себебі, Батыстағы қазақ жұртына тән мейрам деген ұғым қалыптасқан. Соңғы жылдары игі дәстүрімізге айналды. Мектеп, балабақша, университет болса, баршамыз осы сәтті асыға күтетін болдық. Студенттерімнің кейбірі «Көрісу не үшін керек? Мәні неде?» деген сұрақтар қойып жатады. Түпкі мағынасын түсіндірген кезде таң қалып жатады. «Көрісу» Наурыздың басталуы іспеттес. Қыстан аман шыққан халқымыз хал сұрасады, алыстан келген туыстар жүздесіп, мәз-мейрам болады. Сондықтан, концепциядағы әр күннің маңызы тереңде жатыр. Оған қоса, бұл қандағы, ұлттық кодымыздың ажырамас бөлігі.

  • Өз кезегінде жастарды тәрбиелеудің тиімді әдісі ғой?

- Наурыз қазақ өнері, фольклорына тұнып тұр. Бұл мерекеде халқымыз табиғи құбылыс болсын, қандай да бір өзгерістер болсын, барлығын жақсылыққа теңестіріп жатады. Ұлыстың ұлы күні келін де түсіріп жатады, сәбидің тұсауын да кесіп жатады, мәселен. Халық әндері шырқалып, күй күмбірлейді. Бұның барлығы әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпараттық құралдарда паш етіледі. Сайып келгенде, бұның бәрі ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға сеп. Мәселен, осы айда ұлттық киімдер челленжі бастау алды. Оны қостағандардың қарасы қалың. Болашақта киіммен шектелмеу, ауыз әдебиеті үлгілерін де айтуға болады. Ұлттық ою-өрнекке де мән береміз. Біз Наурызда ғана ұлттық оюларымызды еске аламыз. Ал күнделікті өмірде әр оюдың тарихына үңіле қоймаймыз. Дәл осы жарқын мерекеде ұлттық байлығымызға бойлап, соны жастардың санасына жеткізе аламыз.

- Тәуелсіз ел болғалы, ұмытқанымызды жаңғыртып, дамытып жатырмыз. Сіздің ойыңызша, Наурызды тойлау өзге түркі халықтарына үлгі бола ала ма?

- Осыдан бес жыл бұрын наурыз айында Татарстанда ғылыми тағылымдамамен барған едім. Татар, қазақ, қырғыз болсын, Әз Наурыз баршамызға ортақ. Бірақ, біздегідей ұлан-ғасыр тойлағанын көрмедім. Ал біз қазақ әдебиеті, ұлттық байлығымызды сақтап, көздің қарашығындай қорғап келеміз. Сондықтан, біздегі той бұрынғыдан, өзгелерден ерекше деп ауыз толтырып айта аламын.

- Наурыздың жаңаша атап өтілуі қазіргі заманға бейімделген, ұлттық нақыштағы дәстүрлердің пайда болуына да сеп болуы мүмкін. Бұл пікірмен келісесіз бе?

- Өте орынды сұрақ. Сабақ беру барысында Наурыз тақырыбында қызықты тапсырмаларды орындаймыз. Мәселен, студенттерге қабырға газетін шығарды. Басты мақсат – Наурыз тақырыбын қаузау. Сонда жастар қазақтың атақты тұлғалары, фольклорлық жауһарларын еске алып, барынша бейнелеуге тырысты. Соны көрген әріптестерімнің бірі сол газеттің бірін сұрады. Сондағы ойы, студенттердің жұмысын ашық хат ретінде сыйға тарту. Ол демалыс күндері дүкен аралап, Наурызға қатысты жөні түзу сыйлық таба алмадым деп ренішін білдірді. Мысалы, Жаңа жылда дүкендердегі неше түрлі кәдесыйлардан көз ашпаймыз. Ал Наурызда табу қиын. Қызғалдақ та сатылмайды. Сондықтан, «хендмейд» дейміз ғой, Наурызға қатысты қайталанбас, оюлармен безендірілген бұйымдарды жасауға болады. Соңғы жылдары, мәселен, Наурызда көшеге шықсақ, қыздарымыз ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдардыкиіп шығады. Тақия да жастардың көркіне көрік қосады. Яғни, Әз Наурыз қолөнердің дамуына да оң әсерін тигізуде Наурызға мемлекет тарапынан баса мән берілуде. Болашақта «Ұлыстың Ұлы күніне орай қалалар безендірілді. Бюджеттен қаражат бөлінді» деген сөздерді де ести жатармыз. «Әз Наурыз Қытайдың Жаңа жылынан кем болмайды» деген пікірлердің де мәні тереңде жатқан сияқты. Ертіс өңірінде Наурызға орай екі мыңнан астам мерекелік шара ұйымдастырылмақ. Ал қалалар мен аудандарда 250-ден астам ақшаңқан киіз үй тігілді. Шаралардың барлығы ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

- Сұхбатыңызға рахмет! Мереке құтты болсын!

Өзгелердің жаңалығы