Шешім қабылданды. Бұрын қызметі тоқтап тұрған бірқатар нысанның жұмысы жанданады

24 Ақпан 2021, 18:35
1204
Бөлісу:
Шешім қабылданды. Бұрын қызметі тоқтап тұрған бірқатар нысанның жұмысы жанданады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті. 

ВАК отырысының қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды: 

1. 7 күн бойы «жасыл аймақта» тұрған өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап рұқсат етіледі: цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне – толымдылығы 30%-ға дейін; спорттық іс-шараларды өткізуге (30%-ға дейін), жұма намазын оқуға (30%-ға дейін) және ас беру рәсімін өткізуге (30%-ға дейін, 50 адамнан артық емес). 

2. 7 күн бойы «сары аймақта» болған өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. 

3. Мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілерінің көп мөлшері тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық облыста үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап 1-5 сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі. 

Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Түркиямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды. 

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеу барысын баяндады. 

Өз кезегінде вице-премьер Ералы Тоғжанов аталған заң жобасы бойынша барлық жұмылдырылған мемлекеттік органмен келісу жұмыстарын және бюджеттік есептерді енгізуде бұған дейін бекітілген мерзімдерді ұстану қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы