Наурызда 4 500-ден астам алтын құйма сатылды

19 Сәуір 2023, 16:50
1138
Бөлісу:
Наурызда 4 500-ден астам алтын құйма сатылды
Фото: Егемен Қазақстан

2023 жылдың наурыз айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде 4 568 алтын құйма сатылды, олардың жалпы салмағы – 175,0 кг, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық банктің  мәлімдеуінше, халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,2 тонна 122 430 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 31 909 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 27 547 дана (22%), 100 грамдық құйма – 25 218 дана (21%), 20 грамдық құйма – 23 566 дана (19%), және 50 граммдық құйма – 14 190 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.

Наурызда 4 500-ден астам алтын құйма сатылды

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 526,4 келі 20 703 алтын құйманы кері сатып алды. Бұл – жалпы сатылған құймалардың 17%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорабы сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыппен сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алып, кері сатуға болады.

Өзгелердің жаңалығы