Наурызбай қажы Тағанұлы баланы дұрыс тәрбиелеудің әдістерін айтты

5 Сәуір 2021, 17:26
2868
Бөлісу:
Наурызбай қажы Тағанұлы баланы дұрыс тәрбиелеудің әдістерін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ,KZ тілшісі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы діннің маңызы туралы» брифингте бала тәрбиесі туралы айтты.

Қажы күнделікті өмірде балаға айтылатын әрбір сөздің маңызды екендігін ескертті. 

Мектеп әдіскері бастауыш сынып оқушыларын тексере келіп, олардан: «Араларыңда ақылсыз адам бар ма?» деп сұрақ қойыпты. Сонда бірнеше бала: «біз» деп қолдарын көтереді екен. Әдіскер таңғалып, олар не үшін өздерін ақылсыз санайды екен деп тексеріп көреді. Сөйтсе мұндай ой баланың бойына ата-ананың сөзінен сіңген болып шығады. Қалай десеңіз, жаны мен санасы ақ қағаздай кіршіксіз балаға үйде әке-шешесі ақымақсың, ештеңе түсінбейсің деп ұрса берсе, бала солай екен деп ойлап қалады. Кішкентай бала бәрін бірден бойына сіңіреді. Сәби өмірге келгенде тап-таза болып келеді. Ата-ана ретінде неғұрлым жақсы сөзді көбірек айтып, адамгершілік бағытта тәрбиелеуіміз қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балаларды әрқашан назарында ұстайды. Көпбалалы отбасыларға қамқорлық жиі жасалады. Әсіресе оқу уақыты таяған кезде толымсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар мен көпбалалы отбасылардың басым көпшілігін мектеп құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге тырысамыз, - деді бас мүфти. 

Ол атағандай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Muftyat баспасы балаларға базарлық ретінде «Әкесінің қызы» деген өлеңдер мен суреттер жинағын жарыққа шығармақ. 

Бала ағаш сияқты. Оны қалай суарып, баптасаң, солай өсіп-өнеді. Сәби кезінен жемқорлықтан аулақ жүруге үгіттеп, оның үлкен күнә екендігін түсіндерген жөн. «Жемқорлыққа барма, қанша аш болсаң да, сабыр ет. Құдай сені сабырлығыңды еселеп қайтарады» деген жақсы сөздерді қайталап айтып отыратын болсақ, бала солай ата-ананың сөздерін еске алып, жаман жолға бармайды. Жаратушы «Әрбір сынақтың артында екі жақсылық тұрады» дейді. Біз ұят болады, обал болады, күнә болады деген тәлім-тәрбиемен өстік. Қазір жастар Батысқа көп еліктейді. Шынайылық жоғалып барады. Баланың өзінен тәрбие қымбат. Дұрыс тәрбиеге көңіл бөлінуі қажет, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

«Адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттары қоғамды белсенді етеді». Бас мүфти парасатты қоғам құруда бала тәрбиесінің маңызды екендігін атап өтті.

Раушан Арманқызы
Өзгелердің жаңалығы