Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күн мен түнді теңестіріп Наурыз да келді. Шүкір, қалың қыстан да аман шықтық. Қардың көбесі сөгіле бастады, күннің шуақты сәулесімен ылғал жерге терең сіңіп, ырыс пен берекенің бастауы болар деп үміттенеміз, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.
Наурыз мейрамы ежелден келе жатқан жыл бастауы. Жаңару мерекесі. Дегенмен әлемге тарап кеткен індеттің салдарынан Наурыз мерекесін санитарлық талаптарға сай биыл да әркім өз шаңырағында қарсы алуға тура келіп тұр.
Біз әр атқан таңның шуағынан шарапат күтетін халықпыз. Мұның да біз үшін бір хикметі бар шығар. Абзалы - бастың амандығы, деннің саулығы. Ең үлкен байлық - денсаулық екенін жете түсіндік. Қалай десек те мерекенің аты мереке. Тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз қай кезде де елдіктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Елімізді мекен еткен ұлыстардың өздеріне тән айшықтары мен өрнегі баршамызға ортақ осы мерекенің сәні мен салтанаты. Жаны жабырқау жандарға жұбаныш болар қайырымдылық пен мейірімділік ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Осындай сәтте жоқ-жітіктерге жанашырлық таныту, яғни қолтығынан демеп, кол ұшын беру біздің елде қалыптасқан дәстүр, - деп жазды әкім.Әкім Ақтөбе топырағы пейілі кең, жомарт жандарға кенде емес екенін атап өтті. Қашан да қиналғандардың қасынан табылатын, көмегін беріп көңілін аулайтын ауқатты азаматтарымыз да, еріктілеріміз де жеткілікті. Жыл бойына созылып келе жатқан індеттің салдарынан жандары жадау тартқан жерлестерімізді назардан шығармауға тырысты. Мемлекеттік құрылымдар да, қоғамдық ұйымдар да қайырымдылық шараларына белсене қатысты. Наурыз мерекесі жаңа өмірдің бастауы десек, қайырымдылық істермен қатар бұлақ көздерін ашып, жер аяғы кеңейгенде тазалық жүргізіп, жасыл желек ағаштар отырғызуды, гүлзарларды, парктер мен скверлерді, әркім өз ауласының айналасын гүлмен көмкеріп, көгалдандыруды да қолға алуымыз қажет. Наурызды тек көңіл көтеретін мереке деп қарамай, оның рухани болмысына терең үңілу керек.
Әкім ата кәсібіміз мал шаруашылығымен айналысса, немесе шағын жылыжай ашып, көкөністер өсірсе, тіпті кәсіптің ешкімде жоқ ерекше түрін ойлап тапса, қай-қайсысына да жол ашық деді.Бос даңғазадан нақты іске көшетін мезгіл жетті. Елдің болашағына қажет тиімді істерге барынша көңіл бөлінуі тиіс. Жаңа жылдан, жаңа күннен жақсылық күтетін болсақ, ол жақсылықтар жайдан-жай келмейтінін білуіміз керек. Жайлы тұрмыс тек нақты іспен, әрекеттердің нәтижесі. Ол үшін санамызды өзгертіп, сөзден іске көшу керектігі өте маңызды. Тұрмысымызды түзету үшін тек белгілі бір кәсіппен айналысу керектігін түсінетін уақыт жетті. Ол үшін мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға көптеген мүмкіншілік жасалуда. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, әр отбасы өз шамасы келетін істі пайымдаса, мемлекеттік грант немесе жеңілдетілген несие алып кәсіп ашса, сонда ғана тұрмыс түзеледі, - деді Оразалин.
Өскелең ұрпаққа осылай, тек ісімізбен ғана үлгі боламыз. Сонда ғана отбасылық құндылықтарымызды сақтап қаламыз. Әкенің табысы молайса, өзіне тән ер-азаматтық абыройы артады. Аналар да балаларының тоқшылығын көріп көңілі жайланады. Сайып келгенде, бұдан бүкіл қоғам ұтады. Ел боламыз десек осындай әрекеттерге көшуіміз керек. Олай болса, келген жаңа жылымыз осындай игі істердің бастауы, әрі жалғасы болғай! Ұлтымыздың ұлылығын паш етер – Наурыз мерекесі құтты болсын! Елімізге, әрбір отбасына ырыс пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын ағайын!, - деді ол.