Наурыз мейрамына миллиардтар жұмсала ма? - Өңірлердің бюджеті қандай

Бөлісу:
Наурыз мейрамына миллиардтар жұмсала ма? - Өңірлердің бюджеті қандай
Фото: BAQ.KZ

Еліміз 14-23 наурыз аралығында "Наурызнама" онкүндігі аясында Ұлыстың ұлы күнін тойлайды. BAQ.KZ тілшісі өңірлер әз Наурызды қалай атап өтетінін және оған қанша қаржы жұмсайтынын білді.

Астана

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта, 14-23 наурыз аралығында өтетін "Наурызнама" онкүндігі бекітілді. Негізгі мерекелер 21-22 наурызда өтеді: қалалық алаңдар мен 14 тұрғын алаптарда аудан әкімдіктері мен Мәдениет басқармасының қолдауымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Наурыз мейрамына қаржыландыру Елордада жергілікті атқарушы органның бюджетінен және демеушілік қаражат есебінен айқындалады. Іс-шараларды өткізуге қажетті қаражат көлемі анықталып жатыр, оның ішінде демеушілік қаражат та қарастырылады.

Алматы

Алматы қаласы мәдениет басқармасының берген жауабына сәйкес, биыл Наурыз мейрамы аясында Алматы қаласында бірқатар ауқымды іс-шара өтеді. Қазіргі уақытта бағдарламалар пысықталып жатыр.

Басқарма толығырақ ақпарат іс-шараларды ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін берілетінін мәлімдеді.

Шымкент

Шымкентте наурыз мейрамына орай бірқатар іс-шара өткізіледі. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы әз Наурызды тойлауға қанша теңге бөлінетінін айтты.

Мәліметке сәйкес, қаржы сомасының жалпы көлемі 196,19 млн теңге.

Бұл қаржыға Шымкенттің аудандарында "Наурыз мейрамы", "22 наурыз - Ұлыстың ұлы күні", "Наурыз - Ұлыстың ұлы күні, "Наурыз – береке бастауы" және басқа да іс-шаралар жоспарланып отыр.

ШҚО

ШҚО мәдениет басқармасының мәліметінше, облыста "Наурызнама" тұжырымдамасы аясында 500-ден астам іс-шара, соның ішінде көрмелер, фестивальдер, әдеби-музыкалық кештер жоспарланған. Сондай-ақ өңірдің қала және аудандарында этноауылдар құрылып, жәрмеңкелер, концерттер, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылады.

Наурыз мейрамын өткізу әр аудан мен қала бюджетінің және демеушілер есебінен бөлінген қаржы аясында ұйымдастырылады.

Ұлытау облысы

Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасының хабарлауынша, облыста 48 іс-шараны қамтитын жоспар "Наурызнама" мерекелік онкүндігінің тұжырымдамасы негізінде дайындалды. Биылғы мерекелеу 14 наурыз – "Көрісу" күні мерекесімен басталады. Бұдан әрі мерекелік онкүндікті тақырыптық іс-шаралар жалғастырады. 15 наурыз – "Қайырымдылық", 16 наурыз – "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні", 17 наурыз – "Шаңырақ", 18 наурыз – "Ұлттық киім күні", 19 наурыз – "Жаңару", 20 наурыз – "Ұлттық спорт, 21 наурыз – "Ынтымақ", 22 наурыз – "Жылбасы", 23 наурыз – “Тазару”.

Наурыз мейрамын мерекелеу үшін жергілікті бюджеттен 10 700 000 теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Наурыз мейрамы аясында “Үздік киіз үй” сайысы, “Ұлттық салт-дәстүрлер” сайысы, көш-керуен шеруі, Қазақстан эстрада жұлдыздарының, облыстың кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымдарының мерекелік бағдарламасы ұйымдастырылады.

Түркістан облысы

Түркістан облысының мәдениет басқармасы хабарлағандай, Наурыз мерекесі “Наурызнама” онкүндігі бойынша тойланады. Әр күннің ерекшелігіне сай облыс, аудан, қалаларда ауқымды іс-шаралар өтеді. 21 наурыз күні Түркістан қаласында "Керуен сарай" кешенінде облыс басшылығының қатысуымен Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтіледі. Сондай-ақ барлық аудан, қала орталықтарында мерекеге сай іс-шаралар жоғарғы деңгейде ұйымдастырылады.

Басқарма, Наурызнама онкүндігіне арналған барлық іс-шараға Түркістан облыстық мәдениет басқармасынан және аудан, қалалық әкімдіктерінен бөлінген қаржы туралы мәліметті мемлекеттік сатып алу порталының ашық дерек көзінен алуға болады деп жауап берді.

Тараз қаласы

Тараз каласында "Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз" мейрамы 14 наурыз - Көрісу күні - Амал мерекесінен бастау алып, 23 наурыз - Тазарту күні аралығында аталып өтіледі. Сондай-ақ домбыра пати, ағаш егу акцияы және басқа да мәдени іс-шаралар болады.

"Қош келдің, әз Наурыз!" атты көпшілікке арналған мәдени іс-шара 21 наурызда өтеді. Жалпы қала көлемінде 50-ден аса іс-шара үйымдастырылады. Қазіргі уақытта іс-щаралар жоспары әзірленіп жатыр.

Мәліметке сәйкес, іс-шаралар демеушілер есебінен ұйымдастырылады.

Жетісу облысы

Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыс аудандарында 22 наурыз - Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шараны Талдықорған қаласының әкімдігі ұйымдастыратындығын хабарлады.

Өңірдің аудандарының басым бөлігінде іс-шаралар меценаттар мен демеушілер қаражаты есебінен өткізілмек.

Десе де Алакөл ауданының әкімдігі Наурыз мейрамын атап өтуге жергілікті бюджеттен 1,5 млн теңге бөлмек. Ал Ақсу ауданы 1 млн теңге қарастырып отыр.

Талдықорған қаласы

Талдықорған қаласының мәдениет жәнетілдерді дамыту бөлімі 22 наурыз мерекесін өткізуге Талдықорған қаласы бойынша 31 шара өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Оған қала бюджетінен 21 318960 теңге қаражат бөлінді.

Павлодар облысы

Әкімдіктің берген жауабына сәйкес, 14-23 наурыз аралығында Павлодар облысында Наурызнама онкүндігі жарияланып, Ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған 2000-нан аса іс-шаралар ұйымдастырылады.

22 наурыз – жыл басы. Бұл күні мерекелік атмосфераны жасауға арналған қала мен аудандардың орталық алаңдарында киіз үйлер құрылып, мәдени-көпшілік іс-шаралар, ұлттық ойын түрлерінен бұқаралық спорттық іс-шаралары, театрландырылған көріністер және мерекелік концерттік бағдарламалар облыс тұрғындары мен қонақтардың назарына ұсынылады.

Қала мен аудандарда Наурыз мерекесін атап өтуге жергілікті бюджеттен 57 млн 650 мың теңге жоспарланған.

Маңғыстау облысы

Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлімдегендей, 22 наурыз мерекесін атап өту мақсатында Маңғыстау облысында 36 іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Соның ішінде шеру, спорттық сайыстар, амфитеатр алаңының сахнасында театрландырылған қойылым-концерт, облыс әкімінің құттықтауы, балалар шығармашылық ұжымдарының концерті, шығармашылық ұжымдарымен қала өнерпаздарының кешкі концерті өтеді.

22 наурызға жергілікті бюджеттен 16,3 млн теңге қаржы бөлінді.

Қостанай облысы

Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының ақпаратынша, "Наурызнама" онкүндігінде облыс көлемінде 500-ден астам іс-шара өтпек. Соның ішінде Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде – 28 іс-шара, Қостанай қаласында – 45 іс-шара, қалған іс-шаралар облыстың аудандары мен қалаларында.

Облыстық деңгейде өткізілетін мәдени іс-шаралар бюджет қаражатын тартпай өткізіледі. Жоспарға сәйкес іс-шаралардың жалпы санынан VІ Халықаралық "Наурыз достарын шақырады" би өнері фестиваліне ғана 800 мың теңге қаражат қарастырылып отыр.

Бұқаралық шараларды негізінен қалалық және аудандық бюджет есебінен тиісінше қалалық және аудандық әкімдіктер жүргізеді. Мысалы, Қостанай қаласы бойынша Наурыз мейрамына 5 млн 900 мың теңге жоспарланған, - деп жауап берді басқарма.

БҚО

БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, Наурыз мейрамы аясында облыс аудандары мен Орал қаласы бойынша мәдениет мекемелерінде көрмелер, тақырыптық сағаттар, мерекелік кештер, театрландырылған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Облыс бойынша 100-ден аса мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

БҚО бойынша Наурызды атап өтуге 56 млн 917 мың теңге қаржы қарастырылған.

Атырау облысы

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының хабарлауынша, Наурыз мейрамында ашық алаңдарда киіз үйлер құрылып, халықтық әдет-ғұрыптар, ұлттық киімдер үлгісі, ұлттық тағамдар, ұлттық спорттық ойындар (қазашқа күрес, қой көтеру, кір тасын көтеру, арқан тартыс, ләңгі тебу, бұқа тартыс) ұйымдастырылып, жалпы мерекелік атмосфера орнайды.

​Наурыз мейрамына арналған іс-шараларға жұмсалатын қаржы көлемі мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарына сәйкес, ашық конкурс арқылы тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін айқындалады.

Мерекелік концерттер жергілікті өнерпаздардың күшімен ұйымдастырылмақ, бұл бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал сатып алуды қажет ететін қызмет түрлеріне жұмсалатын қаражат мөлшері ашық конкурстан соң белгілі болады, - делінген ресми жауапта.

Алматы облысы

Наурызнама онкүндігі іс-шаралар жоспары негізінде облыс аумағында 258 шара өтеді деп жоспарланып отыр.

Негізгі шара 21 наурыз күні Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өтеді.

Бұл күн таңертең елдің зиялы қауым өкілдерімен бірге Бата алу, Бұлақ көздерін ашу, Ағаш көшеттерін отырғызу рәсімдерімен басталады. Негізгі шараның барлығы қаланың орталық алаңында ұйымдастырылады.

Мейрамды өткізуге қанша бөлінетіні белгісіз.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өңірде бірқатар іс-шара өткізілетінін мәлімдеді.

22 наурыз жыл басы – Наурызнама күні. Бұл күні халықтық серуен, театрландырылған көріністер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт ойын түрлері, этнографиялық бұйымдардың, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады. Киіз үйлер тігіледі. Облыс деңгейінде барлығы 400-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Наурыз мейрамын атап өтуге облыс бойынша жергілікті бюджеттен 30 млн теңгеден аса қаржы бөлінеді.

Ақмола облысы

Ақмола облысының мәдениет басқармасы Наурыз мерекесін атап өту бойынша облыс аумағында 835 іс-шара өткізу жоспарланғанын хабарлады.

Наурыз мерекесін атап өтуге облыс көлемінде шамамен 72 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Абай облысы

Абай облысы жылдағы дәстүр бойынша жыл басы Наурыз мерекесін лайықты деңгейде атап өтуді жоспарлап отыр. Осыған сәйкес, қазірдің өзінде облысқа қарасты аудандар мен қалаларда өткізілетін әз Наурыздың барысы әзірленіп, пысықталып жатыр. Қалалар мен аудандарда өтетін іс-шаралар саны - 360.

Наурыз мейрамын мерекелеуге әр қалалар мен аудандар қаражатты үнемдей отырып, өз мүмкіншілігіне қарай бөледі. Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалады.

СҚО

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Наурыз мерекесіне дайындыққа қатысты сауалымызға жауап берді.

Облыс бойынша Наурыз мейрамын атап өту аясында 200-ден астам түрлі форматтағы іс-шараларды қамтитын жоспар әзірленді. Барлық қажетті ұйымдастыру шаралары ескеріле отырып, мерекеге дайындық бекітілген бюджет аясында қаржыландырылады.

Негізгі назар мәдени бағдарламаға, ұлттық дәстүрлерді қолдауға және тұрғындар мен қонақтар үшін мерекелік атмосфера құруға аударылады.

Қазіргі уақытта іс-шараларды өткізуге арналған смета түзету кезеңінде. Қаржыландырудың түпкілікті көлемі қажетті есептеулер жүргізілгеннен кейін және басымдықтар ескеріліп анықталады.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында Наурыз мейрамын мерекелеу бекітілген 14 наурыздан басталып, 23 наурызға дейін созылады.

Бүгінгі таңда, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында облыстық жоспар әзірленіп жатыр. Сондай-ақ облыстың қала мен аудандарында бекітілген тұжырымдамаға сәйкес 200-ден астам іс-шара жоспарланған.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, 22 наурыз мерекесін өткізуге 20 700 000 теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Өзгелердің жаңалығы