Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылы Наурыз мерекесіне орай Қарағандыда көп балалы аналарға және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, қарттар мен мүгедектерге, жетім балалар қайырымдылық көмек көрсетіледі.
Қарағанды өңіріндегі Наурыз мерекесі биылғы жылы өзгешерек болмақ. Облыстық ішкі саясат басқарамасының мәліметінше, 80-ге тарта қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 10 мыңға тарта адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мерекеге орай ұйымдастырылатын шаралардың барлығы Мемлекет басшысының жолдауында басымдылық берілген бағыттарға және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкестендіріледі.
«Қарағанды облысында Наурыз мерекесіне дайындық басталып кетті. Биылғы жылы аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналарға, қарттар мен мүгедектерге, жалғыз басты жандарға, мүмкіндігі шектеулі балаларды өсіріп отырған отбасыларға көмек көрсету керектігі жайлы міндет қойылған. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруды Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жастар ұйымдыларының еріктілері мен кәсіпкерлер қолға алды. Шамамен 10 мың адамға 26,5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. 15 наурыздан бастап барлық қарттар үйінде қайырымдылық концерттері өтеді. 16 наурыз күні облыстың барлық қалалары мен аудандарында ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Онда тұрғындар азық-түлікті төмендетілген бағамен сатып алуларына мүмкіндік бар. Мереке күндері көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелері мәдениет және спорт нысандарында өтетін шараларға тегін кіре алады», - деді Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин.
Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні – Наурызда Жезқазған қаласының тұрғындары қоныс тойын тойлайтын болады. Бұл күні қаладағы көпқабатты үйде 36 отбасыға пәтер кілті табысталады. Ал Сәтбаев қаласында әлеуметтік азық-түлік дүкені ашылады.
«Осы аптаның соңына дейін барлық қалалар мен аудандар мерекеге орайластырылып безендіріледі. Мереке күндері облыста барлығы 300 киіз үй орнатылады. Наурыз мейрамына аймақта әртүрлі форматтағы 270 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде қайырымдылық акциялары, көрмелер, байқаулар, концерттер, театрландырылған қойылымдар мен шерулер бар. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады», - дейді Н.Рыстин.
Қарағандыда жалпы халықтық серуен өтететін 22 наурыз күні басты жолдар жабылмайды. Мерекелік бағдарламалар Орталық мәдени және демалыс саябағында, Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау шағын аудандарындағы мәдениет сарайларында өтеді.