Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз мерекесіне арналған демалыс күндері Түркістан қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен 9 мыңға жуық саяхатшы мен 26 мыңнан астам қонақ келді, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Саяхатшылар мен жалпы келушілерге арналып мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Түркістан облысының туризм басқармасы арнайы кесте түзіп, «Керуен сарай» демалыс орнының субұрқағы алаңында концерттік бағдарламалар ұсынылды. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан да саябақтарда жалпыхалықтық серуендер, мерекелік іс-шаралар қолға алынды.
«Керуен сарайдағы» су айдынында Қазақстанның танымал жұлдыздарымен бірге Әзірбайжан елінің де әншісі ән шырқады. 19-наурызда Айқын Төлепберген концерттік бағдарламасын ұсынса, 20-наурызда Дастан Оразбеков ән шырқады. Сондай-ақ Rise & Abudi, Qali, «FM» тобы, Амиль Гасаноглу (Әзірбайжан), Жанболат пен Жазира, Кенжебек Жанәбілов және өзге де әншілер ашық аспан астында ән салып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Түркістан облысының өнерпаздары да мерекеге өз үлестерін қосты.
Мереке күндері Экобазар ашылып, «Жібек жолын» саябағында, «Жеңіс» саябағында Наурызға арналған іс-шаралар өтті. Суретшілердің халықаралық форумы, «Бөрте» қойылымы, «Nauryz Open Air» фестивалі және өзге де мәдени жиындар көпшілікті серпілтті. Ауа райы жылынатын сәттен бастап Түркістанға келуші саяхатшылар саны еселеп артады деген болжам бар. Бүгінде облыс орталығында халықаралық талапқа сай мәдени-рухани кешендер, демалыс орындары, саябақтар елге қызмет көрсетіп жатыр.