Қарағандыда Наурыз мерекесі 25-не дейін жалғасады

23 Наурыз 2019, 10:55
2840
Бөлісу:
Қарағандыда Наурыз мерекесі 25-не дейін жалғасады
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Сарыарқа төріндегі кеншілер қаласында ұлық мереке - Наурыз мейрамы кең көлемде тойлануда. Мәдениет үйлерінде, саябақтарда, сауда орындарында, тіпті тұрғын үйлердің ауласында тойланып жатқан мерекелік шараларға қатысып қайтқан едік.

Қарағандыда Наурыз мейрамына арналған халықтық серуендер Орталық саябақта, Достық үйінің алаңында, Жаңа Майқұдық, Теміржолшылар және «Молодежный» мәдениет үйлерінің алдындағы алаңдарда ұйымдастырылған екен.

Қарағандыда Наурыз мерекесі 25-не дейін жалғасады

Алдымен қаланың орталығындағы саябаққа бет бұрдық. Паркке ағылған халықтың қарасы көп. Ең ауқымды шаралар осында өтуде. Халықтық серуен ұйымдастырылған жерде бірнеше сахна орнатылған. Бірінде Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері өнер көрсетсе, енді бірінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде. Қара-құрым халық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмелерін, сұлулық байқауларын, ұлттық тағамдарды дайындау бойынша отбасылық сайыстарды тамашалауда.

Қарағандыда Наурыз мерекесі 25-не дейін жалғасады

«Бұл мереке тек қазақ халқына ғана емес, барлық қазақстандықтарға ортақ мейрам деп ойламын. Отбасымызбен Наурызда асыға күтеміз. Паркке келіп атқа, түйеге мініп, қазақтың ұлттық тағамдарынан сүйсіне дәм татамыз. Әсіресе, Наурыз көже мен бауырсақты балаларым жақсы көреді», - дейді Валерий Лукшин.

Бұдан кейін, қаланың Орталық мәдениет және демалыс саябағының «Каскад» алаңына келдік. Күннің салқындығына қарамастан Ұлыстың ұлы күні – Наурызды тойлауға келгендердің қарасы мұнда да көп екен. Алаңда отызға тарта киіз үй орнатылған. Экспозициялық киіз үйлерден тұрғындар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, дәстүрлі қазақ қолөнер бұйымдары мен жәдігерлерін тамашалай алды.

Қарағандыда Наурыз мерекесі 25-не дейін жалғасады

«Облыстық өлкетану мұражайы екі киіз үйді ұсынды. Онда «Ұлы даланың жеті қырын» бейнелейтін дәстүрлі қазақ қолөнері мен жәдігерлерін көруге болады. Жәдігерлер мұражайдың жеке қорынан алынған», - дейді музей қызметкері.

Бұдан кейін, қаладағы ең ірі сауда орындарының бірі – «Таир» сауда үйіне бас сұқтық. Қала тұрғындары бұл жерде де мерекедегі демалыс күндерін қызықты өткізуде. Сауда үйі мерекеге орай концерттік бағдарлама ұйымдастырып, тегін бауырсақтар таратуда.

«Барлық қарағандылықтарды жер дүние жаңаратын ұлттық мерекеміз - Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Елімізде тыныштық заман болсын. Наурыздан наурызға аман жетейік. Әрбір шаңырақтың төрінен орын алған мереке отбасыларға жақсылығын ала келсін. Алла бәрімізге қуат берсін», - дейді қала тұрғыны Жандарбек.

22 наурызда басталған мерекелік шаралар 25-не дейін жалғаспақ.

Өзгелердің жаңалығы