Науқасқа қиындық, дәрігерге жүктеме, бюджетке шығын: Депутат артық рәсімдерді атады

Құрылтай депутаты әлеуметтік саладағы бюрократиялық кедергілер мен тиімсіз рәсімдер мемлекетке артық шығын әкеліп, азаматтардың уақытын жоғалтатынын айтты.

21 Қыркүйек 2026, 11:09
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 21 Қыркүйек 2026, 11:09
21 Қыркүйек 2026, 11:09
180
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік салаға бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуы және азаматтарға көрсетілетін қызметтердегі артық рәсімдер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына тек қосып жазу мен алаяқтық емес, жүйедегі рәсімдердің өзі де себеп болуы мүмкін.

Мемлекет қажетсіз қызметтерге қаржы жұмсайды, ал адам уақытын жоғалтып, бюрократиялық кедергілерге тап болады, – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат мүгедектікті қайта растау үшін азаматтарды міндетті түрде ауруханаға жатқызу мәселесін мысалға келтірді. Оның сөзінше, денсаулық жағдайы тұрақты әрі қайтымсыз сипат алған адамдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама алу үшін дәрігерге жазылып, талдаулар тапсырып, ауруханаға жатқызу кезегіне тұруға мәжбүр болған.

Егер адамға ауруханаға жатудың қажеті болмаса және стационарлық тексеру сарапшыларға жаңа ақпарат бермесе, оны тек медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама алу үшін ауруханаға жатқызудың мәні неде? – деді ол.

Асхат Аймағамбетов мұндай талаптардың МӘМС жүйесі мен бюджетке артық шығын, азаматтарға қосымша қиындық, ал дәрігерлерге артық жүктеме түсіретінін атап өтті. Оның айтуынша, мәселе Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерімен бірлесіп талқыланып, заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізу арқылы шешімін тапқан.

Депутат тағы бір мысал ретінде жүрек ауруы бойынша тиісті тәуекелдер болмаса да, онкологиялық стационарға жатқызар алдында ЭКГ, эхокардиография және кардиолог кеңесін міндетті түрде талап етуді атады.

Тек Қарағандыдағы бір онкологиялық орталықтың өзінде жыл сайын шамамен 17 мың науқас стационарға жатқызылады. Бұл – мыңдаған қайталама тексеру, – деді ол.

Оның айтуынша, осы зерттеулер жүргізілмеген жағдайда медициналық ұйымға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры санкция қолдануы мүмкін. Ал дәрігерлер зерттеу нәтижелерінің жарамдылық мерзімін бірнеше айға дейін ұзартуды және қайта тексеруді тек медициналық көрсетілім бойынша жүргізуді ұсынып отыр.

Асхат Аймағамбетов цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданумен қатар, қолданыстағы үдерістерді қайта қарау қажет екенін айтты.

Артық рәсімді электронды форматқа көшіру оның артықтығын жоймайды. Ол тек электронды артық рәсімге айналады, – деді Құрылтай депутаты.

Оның пікірінше, медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіне де реформа қажет. Бұл ретте мүгедектікті негізсіз белгілеуге жол бермеу және көмек алуға құқығы бар азаматтарға қойылатын артық кедергілерді жою міндеттері қатар шешілуі тиіс.

Заң бұзушылықтармен күрес рәсімдердің ашықтығын, әділдігін және қолжетімділігін арттырумен қатар жүруге тиіс. Реформаның нәтижесі әр адамға түсінікті болуы керек: заң бұзушылықтарға мүмкіндік азайып, бюрократия қысқарып, тиісті көмек шын мұқтаж адамдарға уақытында жетуі тиіс, – деді Асхат Аймағамбетов.

Наверх