Науқастар өте ауыр жағдайда жеткізілуде – Тимур Мұратов

29 Наурыз 2021, 18:41
1998
Бөлісу:
Науқастар өте ауыр жағдайда жеткізілуде – Тимур Мұратов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралуы тұрақсыз. Індеттің өршуі бойынша елорда әлі де «қызыл» аймақта. 

Қазір инфекцияны жұқтыру 25%-ға өсті. Ақпан айында тәулік ішінде орта есеппен жаңа 100 жағдай тіркелсе, қазіргі күнде бұл көрсеткіш 350-ге дейін жетіп отыр. Науқастар инфекциялық төсек-орынға ауыр немесе өте ауыр жағдайда жеткізілуде. Негізінен бұл егде жастағы адамдар. Қазір 40-60 жас аралығындағы азаматтар арасында вирустың кең тарап жатқанын көріп отырмыз, - деді Мұратов. 

Сондай-ақ ол реанимация мен интенсивті терапияда ем қабылдаушылар саны артқанын жеткізді. Қазір реанимациялық бөлімде 66 науқас бар екен, бұл ондағы орынның 50 пайызын құрайды. Қаладағы инфекциялық стационарда 623 адам бар, яғни ондағы төсек-орын жүктемесі 74%-ды құрайды. 

Басқарма басшысының айтуынша, вирус жұқтыру жағдайының өсуіне адамдардың карантин ережелерін сақтамауы мен адам көп шоғырланған жерге баруы себеп болған.

Қаладағы инфекциялық стационар мен өзге де медицина қызметкерлері үлкен жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Коронавируспен күреске 3 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған, оған қоса қажет кезінде жұмылдырылатын кадр қоры да бар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы