НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Украина президенті Владимир Зеленскийге АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасын реттеуге кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл мәлімдеме Зеленский мен Трамп арасында Вашингтондағы Ақ үйде болған ашық жанжалдан кейін жасалды. 28 ақпан күні журналистердің көзінше болған пікірталастан соң, Зеленский АҚШ-пен пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қоймай, сапарын ерте аяқтаған еді.
Президент Зеленский АҚШ президентімен және жоғары басшылықпен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру жолын табуы маңызды, — деді Рютте BBC арнасына берген сұхбатында.
Ол бұл оқиғаны “сәтсіз жағдай” деп атап, Трампқа Украинаға көрсеткен көмегі үшін “лайықты құрмет” көрсету керектігін айтты.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт енді АҚШ-тың Украинаға әскери көмек бермейтінін, Вашингтонның басты мақсаты – бейбіт келіссөздер екенін мәлімдеді.
Еуропалық саясаткерлер бұл жағдайдан кейін алаңдаушылық білдіруде. Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд Трамптың енді Еуропаның одақтасы емес екенін айтты.