Нәтижесі аз болса да ауыл шаруашылығына арналған 10 бағдарлама әзірленген

11 Маусым 2021, 11:07
2586
Бөлісу:
Нәтижесі аз болса да ауыл шаруашылығына арналған 10 бағдарлама әзірленген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік алғаннан бері аграрлық секторды дамыту бойынша 10 бағдарлама дайындалған. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында төрағаның орынбасары Нұрлан Әбдіров айтты.

Ауыл шаруашылығы секторы Қазақстан экономикасының негізгі бөлігі екендігі бәрімізге белгілі. Тәуелсіздік алғаннан бері аграрлық секторды дамыту бойынша 10 бағдарлама дайындалды, бұл мемлекеттік саясаттың осы салаға ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді, - дейді Нұрлан Әбдіров.

Ол бірақ 30 жылдың ішінде қабылданған 10 бағдарламадан қандай нәтиже болғанына тоқталмады. Жиі бағдарлама қабылданғанмен, әлі күнге елімізді 100 пайыз отандық өніммен қамтамасыз ете алмай отырғаны жасырын емес. Өйткені ауыл шаруашылығының 40 пайыз үлесі импорттық тауарлар. 

Сенат төрағасының орынбасары осы ретте аграрлық саланың дамуына кері әсер ететін біраз жүйелік мәселелердің шешілмегенін атап өтті.

Аталмыш саланы Қазақстан экономикасының жетекші күшіне айналдыру мақсатында соңғы 10 жылдықта аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бірнеше салалық бағдарламалар да әзірленді. Қаржыландыру тәсілдері де бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Бұған себеп –мемлекеттік қолдау құралдарының нәтижесіздігі, өндіріс көрсеткішінің төмендігі, сондай-ақ агроғылым мен агрокәсіп арасындағы алшақтық, ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау жүйесінің жолға қойылмауы секілді мәселелер, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы