Наталья Ли: Қоғамдық келісім – бұл әртүрлі адамдардың мүдделерін үйлестірудің нәтижесі

28 Мамыр 2023, 17:57
1232
Бөлісу:
Наталья Ли: Қоғамдық келісім – бұл әртүрлі адамдардың мүдделерін үйлестірудің нәтижесі
Фото: Наталья Лидің архивінен

Елімізде әрбір бесінші бала дүниеге келетін Түркістан өңірі этникалық алуандығымен де ерекше. Татулығы жарасқан түрлі ұлттардың ауызбіршілігі мен достығы қоғамдық келісімді бекіте түседі, деп хабарлайды осы аймақтың BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Кейіпкеріміз Түркістан облысы П.Шевцов атындағы жалпы орта мектебінің iс жүргізушісі Наталья Ли өзі тұратын Түлкібас ауданының тарихына қанық екенін айтты. Ол Түлкібас өңірін аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы мен ірі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов пен Шерхан Мұртаза сынды тау тұлғалар дүниеге келген жер екенін мақтанышпен айтып жеткізуден бастады.

Мемлекеттің өркендеп дамуына, тыныштық пен тұрақтылыққа ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің қалыптасуы да үлкен септігін тигізеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құрудағы игі бастамасына жалпыұлттық бірлік пен елдегі бейбітшіліктің түпқазығы тірек болары сөзсіз.

Наталья Александровна, оңтүстікте дүниеге келген өзге ұлттардың қазақ тілін жетік білуі жаңалық емес. Мұнда орыс, өзбек, әзірбайжан т.б. көбі қазақ тілінде еркін сөйлейді. Сіз өзіңіз және отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Жолдасыңыз бен балаларыңыз да қазақ тілінде жетік сөйлей ме?

Қазақ тілін бала кезімнен қазақтардың арасында өскендіктен жақсы білемін, оған қоса қазақ балабақшасына бардым. Ал мектеп табалдырығында оқып жүргенімде ұстаздарым қазақ тілін жанын салып үйретіп, түсіндіретін. Міне, сол мұғалімдердің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмын. Қазір мемлекеттік тілді қазақтардан кем білмеймін десем мақтанғандығым емес, рас нәрсе. Қазақ тілін анам түсінеді, бірақ сөйлемейді. Ал күйеуім, енем, қайынсіңлім қазақ тілін жетік меңгерген. Үйде екі тілде сөйлескенімізге қарап, ұлым да қазақ тілін белсенді түрде үйрене бастады. Бұл оның өз қалауы болды, біз ешқандай да оны мәжбүрлемедік.

Наталья Ли: Қоғамдық келісім – бұл әртүрлі адамдардың мүдделерін үйлестірудің нәтижесі

Қазіргі таңда русофобияның барын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның болдырмаудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?

Шыны керек, бұл тұрғыдан келгенде айналамда өзіме деген біржақты көзқарасты байқамаймын. Менің ортамда қазақтардың көпшілігі әрқашан маған да, отбасыма да қолдау, қамқорлық көрсететінін сезініп жүремін. Бұл мәселені шешу бойынша ұсыныстар бере алмаймын, дегенмен мен жалпыадамзаттық құндылықтар, елдегі бейбітшілік пен келісім бірінші орынға қойылғанда ғана оның халықтар достығын нығайта түсетініне сенімдімін. Бұл елдің басқаруындағы адамдардың міндеті ғана емес, бұл әр адамға, оның білім деңгейіне байланысты. Ал ең құнды білім кітаптарда жинақталған. Өкінішке қарай, қазір кітап оқу сәнде емес. Адамдар ұялы байланысындағы түрлі әлеуметтік желілерді ертелі-кеш қызықтап, уақытын ұрлатып жатқанын байқай бермейді.

Айналаңыздан қоғамдық келісім мен достықтың көрінісі орнағанын қаншалықты байқайсыз?

Толеранттылық мен үшін немқұрайлылықты білдірмейді. Мен үшін бұл басқаларға өз дүниетанымына сәйкес өмір сүру құқығын беруден тұрады. Достық бұл адамдар арасындағы қарым-қатынас, жанашырлық, құрмет, ортақ мүдделер, рухани жақындық, өзара сүйіспеншілік пен түсіністік. Мысалы, бізде әртүрлі ұлттардың өз достары бар, бірақ бұл бізге дос болуға, бір-бірімізге көмектесуге, қолдау көрсетуге болмайды дегенді білдірмейді. Ол кедергі келтірмейді. Білесіз бе, дос – бұл қиындықтан бас тартпайтын адам ғана емес, ол сіз үшін, сіздің жетістіктеріңіз бен бақытыңыз үшін де шын жүректен қуанатын жан. Қоғамдық келісім – бұл әртүрлі адамдардың мүдделерін үйлестірудің нәтижесі. Біз өз мүдделерімізді және басқалардың мүдделерін түсініп, күнделікті қарым-қатынасымызда есімізден шығармауымыз тиіс нәрсе.

Елдер арасында араздық туындауына әлеуметтік желілердің қатты әсер ететіні жасырын емес. Пропаганда қауіпті екенін білсе де көп адамдар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмай жатады. Сіз бұл тұрғыда не істейсіз?

Менің ойымша, қазір әлеуметтік желілер де, медиалар да көптеген жағымсыз жаңалықтарды басылымдарға жариялап орын беріп жатады. Ал оған сол елде тұрмайтын адамдар сеніп қалып жатады. Шындығында кез келген ақпаратқа бірден сенбей күдікпен қарап, електен өткізіп, тексеріп алған жөн деп ойлаймын. Менің айтайын дегенім, егер әр адам өз елінің патриоты болса, онда ешкім елдер арасында араздық туғыза алмайды. Патриотизм – бұл жай ғана әдемі сөздер емес, бұл біздің күнделікті істеріміз.

Әлеуметтік желі және тағы басқа да ақпарат көздерінен болмасын ресейлік саясаткерлер Қазақстан туралы әрнәрсені айтып қалып жүр. Бұған қандай пікір айтасыз?

Менің ойымша, біреуді тыңдау немесе сену үшін алдымен өз басыңмен ойлануың керек. Интернеттегі жарияланымдардың бәріне көзсіз сене берген дұрыс емес. Әрине ғаламтордың зиянды да, пайдалы да жақтары бар. Кейбір мәліметтер расында біреулерге өте пайдалы болуы мүмкін, сондықтан нақты тексерілген білімге ұмтылу керек, түбі сол нәрсеге ораламыз. Мен Украинадағы оқиғалар туралы репортаждарды көргенде қатты уайымдаймын. Соғыс қарапайым адамдарға азап шегуден басқа ештеңе әкелмейді. Біз экраннан тыс не болып жатқанын нақты біле алмаймыз, бірақ біреудің ұлынан, қызынан, анасынан, әкесінен, ағасынан, әпкесінен айырылғанын білеміз. Оларды біреу немесе бірдеңе қайтаруы мүмкін бе? Әрине мүмкін емес, мен үшін бұл жоғалтудың шексіз азабы.

Наталья Ли: Қоғамдық келісім – бұл әртүрлі адамдардың мүдделерін үйлестірудің нәтижесі

2023 ТМД-да орыс тілі болып жарияланды. Қалай ойлайсыз, орыс тілі халықтар достығын жақындастыра түсе ме?

Менің ойымша, бұл жақындастырады. Бұл тек орыс тіліне ғана қатысты емес. Жалпы, бірнеше тілді білгеннен зиян шеккен адамдарды әлі көрген жоқпын. Білім – бұл үлкен күш. Ал осы күштің қайда бағытталатынына байланысты адам тұлғаланып дами түседі.

Елімізде русофобия бар ма? Бұл жергілікті Түркістан облысында өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Мен мұны растайтын деңгейдегі маман немесе саясаткер емеспін. Мүмкін бар да шығар, оны нақты айтып бере алмаймын. Жеке өзіме келетін болсам, мұндай жағдайға тап болған жоқпын. Мен қолында сенімді ақпараты жоқ адамдардың ақыл-кеңестерді оп-оңай және емін-еркін таратып, белгілі бір мәселелерді қалай шешуге болатындығын айтып, үйретіп жататындарына таң қаламын. Меніңше, әркім өз ісімен айналысып, жоғары деңгейлі маман болуға ұмтылуы керек. Диванда жатып алып батыр сыншы болу - ең жақсы таңдау емес. Әрине, түрлі пікірталастар туындаған кезде, әркім сенетін нәрсеге растау табады. Сондықтан азаматтарымыздың арасында ұлтаралық келісімді, бейбітшілік пен достықты нығайту өте маңызды деп санаймын. Өйткені, біз бәріміз қазақстандықтармыз, бір елдің азаматтарымыз.

Қазақстан халқы Ассамблея қажет деп ойлайсыз ба?

Өткен аптада мен Қазақстан халықтарының ХХV-ші сессиясында болдым, онда өте маңызды және ауқымды мәселелер талқыланды. Менің ойымша, Ассамблея қажет. Өйткені біз тек бірге алға жылжығанда ғана жетістікке жете аламыз.

Қазақ жазушыларынан кімдерді оқығанды ұнатасыз? Қандай әншілерді тыңдайтыныңызды білсек?

Мен Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын оқығанды ұнатамын. Қанша уақыт өтсе де, олардың туындылары әрқашан өзекті болып қала береді және оларды барлық кезде ашып қарасаңыз даналық таба аласыз. Мәселен, мен «Ұлпан» романын жиі қайталап оқып тұрамын. Өйткені ол менің сүйікті шығармаларымның бірі. Әншілерді де сүйіп тыңдаймын, олардың ішінде Төреғали Төреәлиді, Музарт тобын тыңдаған ұнайды. Әсіресе классиканы тыңдағанды жаным сүйеді. Әндері терең мағынаға толы және адамның ішкі жанының нәзік иірімдеріне дөп тигізетін сәттерінде көзіңе жас алып тұрып тыңдайсың, оны нақышына келтіріп орындайтын заманауи әншілер де елімізде көп.

Өзгелердің жаңалығы