Нарықты отандық өнімдермен қамту 60 пайызға жеткізілмек

26 Сәуір 2022, 10:57
1312
Бөлісу:
Нарықты отандық өнімдермен қамту 60 пайызға жеткізілмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай баяндады.

Қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, біздің экономикамыз үшін импорттық өнімдерді алмастырудың маңызы өте зор. Бүгінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланып отырған компаниялардың біздің елімізде шығатын тауарлар мен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үлесі 52%-ды құраса, соның ішінде қазақстандық қамтудың нақты үлесі 40%-дан аспайды, - деді Үкімет басшысы.

Ол бұдан бөлек, өткен жылы импорт шамамен 8%-ға өскенін айтты.

Импорттың басым бөлігі қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер. Бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, біз осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Бұл жерде нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету арқылы импортты алмастыру саясаты оң ықпал етуі тиіс, -деді Әлихан Асханұлы.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатқанын айтты.

Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өндірістің дамуына мультипликативтік әсер береді, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Айтуынша, бұл өз кезегінде, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Импорттың орнын алмастыру үшін шығарылатын өнім бәсекеге қабілетті және сапасы жоғары болуы тиіс, -деді Премьер-министр.

Өзгелердің жаңалығы