Нарынқолдық 50 отбасы баспаналы болды

2 Қазан 2021, 19:56
3671
Бөлісу:
Нарынқолдық 50 отбасы баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы аясында, Нарынқолда 50 үйдің кілті беріліп, ақынға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

Көптің қуанышын бөлісуге, ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді.

Өлкедегі қуанышты жайыттың бірі, 50 отбасының баспаналы болуы. Солайша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен мұзбалақ ақынның мерейтойында нарынқолдық ағайын қоныс тойын тойлады.

Нарынқолдық 50 отбасы баспаналы болды

Тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімінде сөз алған Қырымбек Көшербаев, Райымбек ауданының қайта түлегенін көріп, өлкенің ары қарай дамуына тілектестігін жеткізді.

Тәуелсіздік елең алған уақытта Нарынқолда қиыншылық кезеңдері өтті. Бірақ, Елбасының шешіміне сәйкес, Райымбек ауданы қайта қалпына келді. Арытнша кезінде көшіп кеткен 2,5 мың халық туған жеріне қайтып оралып, өңірдегі тіршілік жандана түсті. Осының бәрі, тәуелсіздіктің арқасы. Облыс әкімі Амандық Баталовқа да алғыс айтқым келеді. Өңір жайнап, өсе берсін. Нарынқолдың жақсарып жатқанын көргенімізге қуаныштымыз. Бүгін үй алып жатқан отбасылар үшін ерекше күн. Баршаларыңызды қоныс тоймен құттықтаймын,- деді ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Жалпы ауданы 4961 шаршы метр.  Мереке күні жеке тұрғын үйдің кілті, 7 жанұяға ресми түрде табысталды. Әр үйдің ауданы-100 шаршы метр. Жерінің көлемі-10 соток.

Тұрғын үйде 3 бөлмемен қатар, ас үй, әжетхана, жуынатын орын қарастырылған. Тіпті, ыстық және суық суы да тартылған. Барлығы жаңа, сапасы жақсы, талапқа сай.

Заманауи баспананы «Гунн Строй Сервис» салса, нысанның жобасын «ЭлМ» компаниясы жасаған. Негізінен үйдің құрылысына 1,1 млрд.теңге бөлінген.

Қос мереке қатар келген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі, ауыл тұрғыны, көп балалы ана Мадина Жүкеева. 

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аясында баспаналы болып жатырмыз. Балаларым мәре-сәре болып жүр. Қуанышымызда шек жоқ. Осныдай бақытты сезінуге мүмкіндік берген мемлекетімізге алғыс айтамын. Үйіміз өте жақсы, өзімізге ұнап жатыр,- деді Мадина Жүкеева.

Дүбірлі тойдың шеңберінде қоныс тойын тойлағандардың қатарында Беглан Сәкенде бар.

Райымбек ауданының тумасымын. Аудандық әкімдіктің аппаратында қызмет атқарамын. Мәускеуде білім алып келдім. Ауданымызда жастарға қолдау көп көрсетіледі. Оған өздеріңізде куә болып отырсыздар. Бүгін жас мамандарға үйдің кілтін табыстады. Солардың қатарында өзімде бармын. Құтты шаңыраққа ие болып, шат-шадыман күйге еніп тұрмын,- дейді Беглан Сәкен. 

Сондай-ақ, аспантаудың асқарымен отты жыры теңескен, Мұқағали Мақатаевтың туған жерінде ақынға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты орын алды.

90 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген нысан, Нарынқол ауылындағы Райымбек көшесінен орын тепті. Мұзбалақ ақынның мүсінінің авторы

Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Ақмырза Рустембеков болса,  мүсіншісі,  Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Сұлтан Бейбарыс атындағы сыйлықтың лауреаты Какимов Қадырхан болып табылады.

Амандық Ғаббасұлы шара барысында, Мұқағалидің өміршең өлеңдері ел есінде мәңгі қаларын тілге тиек етті.

Райымбек ауданының тамырына нәр жүрді. Бұрынғы келбетін көргенде жүрегім ауыратын. Елбасының қолдауының арқасында кейпін жаңарттық. Қасым-Жомарт Тоқаевта өлкенің өркендеуіне көңіл бөлуде. 800-ден астам отбасы келіп, ауданда жұмыс жанданды өте қуанышты жайыт. Осыдан 10 жыл бұрын ақынның 80 жылдық мерейтойын өткізуге дайындыққа Нарынқолға келдім  2 ай бойы осында болдым. Ақын шығармашылығымен танысқан соң оның өлеңдеріне ғашық болдым. Қазақ елі осындай талантты ақындарға бай. Олардың мұрасын ұлықтау ұрпаққа парыз,- деді Амандық Баталов.

Ал ұлы тұлғаның тұяғы Жұлдыз Мақатаев асқар тау әкесінің туған күнін ел-жұрты ұмытпай ұлықтап жатқанына алғысын білдірді.

Көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. Ғұмыры ұзақ болғанда бұданда көп жалынды жыр қалдыратынына шүбә жоқ. Қысқа ғана өмірінде тіршіліктің тетігі мен кетігі жайлы жазып кетті. Қазақ поэзиясына ерекше қолтаңбасын қалдырды. Осыны елеп-ескеріп, арнайы шаралар ұйымдастырып жатқандарыңызға алғыс білдіремін. Әкеміздің аруағы сіздерді қолдап жүрсін,-деп қорытындылады ақынның ұлы.

Нарынқолдық 50 отбасы баспаналы болды

Ескерткіштің жалпы құны-61,1 млн теңге. Нысанның ұзындығы-8,02 м. Мүсінді «Тайқазан»ЖШС жасап шығарған. Мұқағали Мақатаевқа арнап салынған ескерткіш екі бөліктен тұрады: сұлбасы мен жазуы бар құлпытас. Ақын бейнесі - қоладан, жазуға арналған бөлігі граниттен жасалған. Сұлбасының ұзындығы-3,87 м. Ал постаменттің биіктігі -4,15 метрді құрайды.

Айта кетейік, Мақатаевтың ескерткіші орналасатын алаңда абаттандырылды. Аталған жұмысқа облыстық бюджеттен 70,1 млн. теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды. Жерінің көлемі -0,30 га.  Аумақ толықтай көгалдандырылып, жарық шамдары орнатылып, суғару жүйесі жүргізілді, кіші сәулеттік кесенелер орнатылды.

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық торқалы тойының шеңберінде ұйымдастырылған іс-шаралардың барысында, ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аудан орталығы Нарынқол ауылындағы 180 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне бас сұқты.

Ғимараттың ауданы-4800 шаршы метр. Нысан екі қабаттан тұрады. Мұнда волейбол, баскетбол, гандбол, шағын футбол сынды командалық ойындарға арналған және күрес, бокс пен жаттығу залдары бар.

Жаттықтырушыларға арналған және медициналық, массаж кабинеттері де қарастырылған. 4 киім ауыстыратын бөлме, 32 орындық асхана, сонымен қатар, тоғыз құмалақ, дойбы шахмат, үстел теннисіне арнайы орындар да жабдықталған.

Өзгелердің жаңалығы