Нақты табыс алғаш рет өсті: Айбар Олжай мұның мәнін түсіндірді

Бұл көрсеткіштің көлемі үлкен болмаса да, соңғы үш жылдағы теріс динамияның тоқтағанын білдіреді.

13 Шілде 2026, 17:20
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 13 Шілде 2026, 17:20
13 Шілде 2026, 17:20
192
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтардың нақты ақшалай табысы үш жылдық төмендеуден кейін алғаш рет оң көрсеткішке шықты. Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бұл әзірге үлкен экономикалық серпіліс болмаса да, қоғам үшін маңызды психологиялық белгі.

Оның сөзінше, жақсы жаңалық пен қоғамның ертеңге деген сенімі экономиканың дамуына тікелей әсер етеді.

Жақсы жаңалықтар, жақсы сөз бен жағымды эмоция Америкадағы Ұлы депрессияны еңсеруге, соғыстан кейінгі Германия мен Жапония экономикасының қайта қалпына келуіне ықпал еткен факторлардың бірі ретінде жиі айтылады. Ертеңіне сенбейтін ұлттың болашағы да бұлыңғыр болады, – деді Айбар Олжай.

Экономистің айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында халықтың нақты ақшалай табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға өсті. Бұл көрсеткіштің көлемі үлкен болмаса да, соңғы үш жылдағы теріс динамияның тоқтағанын білдіреді.

Инфляция халықтың номиналды табысын толықтай жеп қоятын кезеңде өмір сүріп келдік. Сондықтан 0,1 пайыздық өсімнің өзі тоннель түбіндегі көмескі жарық сияқты әсер қалдырады, – деді ол.

Айбар Олжайдың пікірінше, бұл нәтижеге инфляцияның біртіндеп баяулауы ықпал еткен. Биылғы маусым айында жылдық инфляция 10,3 пайызға дейін төмендеп, жалақы мен өзге де кірістердің сатып алу қабілеті қалпына келе бастаған.

Сонымен қатар сарапшы халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі жолы жоғары өнімді әрі тұрақты жұмыс орындарын көбейту екенін айтты.

Қазақстандықтардың ақшалай кірісінің шамамен үштен екісі жалдамалы жұмыстан түседі. Сондықтан табыстың тұрақты өсуі еңбек өнімділігінің артуына, өндірістің кеңеюіне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және қосылған құны жоғары жұмыс орындарының көбеюіне негізделуі керек, – деді экономист.

Ол жалақыны әкімшілік жолмен көтерудің қаупіне де тоқталды. Оның айтуынша, егер еңбек өнімділігі қатар өспесе, кәсіпорындардың шығыны артып, бұл кейін бағаның қымбаттауына әсер етуі мүмкін.

Айбар Олжайдың айтуынша, бір тоқсанның нәтижесімен түбегейлі қорытынды жасауға әлі ерте.

0,1 пайыз – үлкен жетістік емес. Бірақ үш жыл бойы нақты табыс төмендеп келген халық үшін бұл жай ғана сан емес. Жақын арада екінші тоқсанның қорытындысы жарияланады. Егер нақты табыс бірнеше тоқсан қатарынан өссе, онда бұл кездейсоқ статистикалық ауытқу емес, тұрақты үрдіске айналғанының белгісі болады. Қазір қазақ қоғамына дәл осындай жақсы жаңалықтар ауадай қажет, – деді Айбар Олжай.

Наверх