Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова мәлім етті.
Соңғы кезде БАҚ арқылы нан бағасының жоғарылауына қатысты көптеген ақпараттар таралуда. Біз өз тарапымыздан мынаны айтқымыз келеді. Ішкі нарықта бидай немесе ұн тапшылығы жоқ. Әрине, әлемдік нарықта Ресей тарапынан салынған шектеуге байланысты бидай мен ұнға деген сұраныстың артқаны белгілі. Осы себептен де жалпы әлемдік нарықта бидай бағасының өскені де байқалады. Бұған қарамастан біз ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорларында қажетті көлемде кез келген өңірдің өзінің физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес халықты қажетті көлемде қамтамасыз ету үшін кепілді түрде тұрақтандыру қорларындағы ұнды сатып аламыз, - деп атап жауап берді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол елімізде қанша көлемде ұн бар екендігіне тоқталды.
Қазіргі кезде жалпы Қазақстан бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мыңға жуығы – тұрақтандыру қорларында. Тұрақтандыру қорларының негізгі міндеттерінің бірі – бағаны тұрақтандыру, яғни нарықта бидайға деген бағаның жоғарылауы фактілері орын алған кезде аталған қорларда сақтаулы тұрған ұн ішкі нарыққа арзандатылған бағамен сатылатын болады. Одан бөлек, біздің Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервінде 800 мың тоннаға жуық астық сақталған. Оның 500 мың тоннасы – бұл резервтік қор. Сондықтан бидай немесе ұнның әлемдік нарықтағы бағаның өсуі ішкі нарықтағы нан мен ұн бағасының өсуіне әсерін тигізеді деген қате пікір, - деді Назгүл Хатепова.
Оның айтуынша, ішкі нарықта мемлекет тарапынан бағаны тұрақтандыруға арналған арнайы бағдарламалар бар.
Осы бағдарламалар аясында әлеуметтік нан мен ұнның бағасы әрдайым тұрақты болады, - деді департамент директоры.