Надыров: Алматыда коронавируспен ауырғандарға төсек орын жеткілікті

15 Маусым 2020, 18:15
1335
Бөлісу:
Надыров: Алматыда коронавируспен ауырғандарға төсек орын жеткілікті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда коронавируспен ауырғандарға төсек орын жетеді. Алайда денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы шексіз емес екенін ескеруіміз керек. 

Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров онлайн брифинг барысында айтты.

Қазір вирус жұқтырып ауруханаға түсіп жатқандар көп. Бүгінгі таңда науқастарды қабылдауға төсек орын жеткілікті. Дегенмен, біз коронавирус инфекциясының өріс алуына қатысты түрлі жағдайға дайындалудамыз. Алайда, денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы шексіз емес екенін ескеруіміз керек. Жаппай вирус жұқтыру болған кезде ауруханада орын жетіспеушілігі болуы мүмкін. Ондай жағдайды Еуропа елдері мен АҚШ басынан өткізді. Адамдар жаппай ауырған кезде дәрігерлер науқастарды сұрыптап, жағдайы өте ауыр адамдардың өмірін сақтап қалуға мәжбүр болғанын көрдік, - дейді ол.

Оның айтуынша, біздің елдегі жағдай Италия мен АҚШ-пен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Алайда, Қазақстан тұрғындарына дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, санитариялық нормаларды ұстанған жөн. 

Егер біз мамандардың кеңесіне құлақ аспайтын болсақ, ауруханадағы орын жетіспеушілігіне тап боламыз. Бұл бүгінгі шын жағдай. Қандайда бір іс-шараға бармас бұрын дұрыстап ойлануымыз қажет. Ауру симптомсыз болуы мүмкін, яғни әрқайсымыз ауру тасымалдаушы болуымыз ғажап емес, - дейді Надыров.
Өзгелердің жаңалығы