Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақылбек Күрішбаев 2020 жылдың 27 тамызынан дейін елордадағы «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Ақылбек Қажығұлұлы ректор болған 9 жыл ішінде Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті - Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы және техникалық бағыттағы ірі университеттің біріне айналды. Бүгінгі таңда университетте 1547 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 850 оқытушы, 12 мыңға жуық студент, магистранттар мен докторанттар білім алуда.
2018 жылы ҚР сұранысқа ие жоғары оқу орындары арасындағы Ұлттық рейтингіде КазАТУ Қазақстанның үздік 20 жоғары оқу орнының қатарына кіріп, 4-орынды иеленсе, 2019 жылы 3-орын, ал 2020 жылғы көрсеткіш бойынша 2-орынға табан тіреді.
2019 жылы білім ордасы білім бағдарламалары бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы рейтингісінде 1-орынға ие болды.
Соңғы жылдары университет шетелдік әріптестермен бірлесе талай ауқымды шаруалар атқарылды. Олардың қатарында қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша әлемде үздік 1 және 2-орынды иеленіп отырған UC Davis (АҚШ) университетімен еуропаның көшбасшы аграрлық университеті (Франция) AgroParisTech университеттері бар. Дәл осы AgroParisTech-пен бірлесе қосдипломды білімге көшуге мүмкіндік беретін 5 жаңа оқу бағдарламасы құрастырылды. 2020 жылы аталмыш бағдарламалар негізінде толықтай білім беру жұмыстары басталады. Бұл ғылымның дамуына аса зор пәрмен беретіндігі сөзсіз.
Шетелдік әріптестермен, атап айтқанда Дэвис (АҚШ) Калифорния университетімен бірлесіп, КазАТУ-ды ҚР ауыл шаруашылығы саласындағы әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялау бағдарламасы әзірленді.
Бүгінде ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен зерттеу университеті құрылып, білім алушылардың ғылыми және практикалық зерттеулерін жүргізуі үшін университет құрамына А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, Қазақ орман шаруашылығы және агроорман-мелиорация ғылыми-зерттеу институты енгізіліп отыр.
Университет жүйесінде заманауи материалдық-техникалық база, заманауи ғылыми зертханалар мен 9 технологиялық платформа толықтай жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, университетте түрлі зертханалар жасақталып көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ол мал шаруашылығы технологиясы бойынша, өсімдік шаруашылығы негізінде, топырақты зерттеу жобалары, БИГ ДАТ (Үлкен Деректер), Гис технологиялары мен тағам өнеркәсібі бағыттары бойынша тоқтаусыз жұмыстар атқаруда. Ең қуантарлығы осы зертханалардың барлығында студенттеріміз жұмыс жасап, өз қолдарымен зерттеу жұмыстарына қатысып отыр.
Университет кампусында бүгінгі таңда 1300 гектар егістік алқабы бар. Ол алқаптарда білім ордасының өсімдік шаруашылығы бағыттары бойынша үлкен жобалар жасалып, түрлі дақылдар мен көкеністер өсірілуде.
Сондай-ақ, университет баспанаға мұқтаж оқытушылық профессорлық құрамын баспанамен толықтай қамтамасыз ету мақсатында 120 пәтерлі бес қабатты үш тұрғын үй мен 800 орындық студенттер жатақханасын салды. Нәтижесінде студенттер 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етіліп отыр.
Айта кететін тағы бір жайіт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылымды қаржыландыру саясаты негізінде грант құнының өсуі білім ордасына өте үлкен септігін тигізіп отыр. Сол себепті білім ордасы қызметкерлерінің жалақысы жаңа оқу жылынан бастап бірден 30% көтеріліп бүгінде еліміздегі ЖОО арасындағы ең жоғарғы көрсеткішті құрап отыр.
Мұның барлығы сапалы білім берудің алғы шарттары болып отырғанын баса айтқан абзал.