"Нұрлы жер": Екібастұз қаласында 1000 пәтер салынады

11 Мамыр 2020, 12:10
1763
Бөлісу:
"Нұрлы жер": Екібастұз қаласында 1000 пәтер салынады
Фото: дереккөз

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз қаласында бір жылдың ішінде 1000-нан астам пәтер қолданысқа беріледі. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар жұмыстарын бастап кетті.

Бүгінгі таңда тоғызыншы және 22-ші шағын аудандарда бірнеше көпқабатты үйдің құрылысы қатар жүріп жатыр. Қарқынды құрылыс жұмыстарына "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 500-дан астам жұмыс орны құрылды.

Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыповтың хабарлауынша, құрылыс қарқыны осындай деңгейде сақталса, халықты тұрғын үймен қамту мәселесі алдағы 10 жылдың ішінде шешіледі.

Жыл сайын 1000 пәтерден қолданысқа берсек, тұрғын үй кезегі азаяры сөзсіз. Биылғы жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 11 көпқабатты баспана салынып жатыр. Сонымен қатар, Солнечный кентінде тұралап қалған екі көпқабатты нысан қайта салынады. Тәуелсіздік жылдары осындай көрсеткіш тіркелмеген. 1000 пәтерді салып, қолданысқа бергенде кезекте тұрған азаматтардың 15%-ы баспаналы болады. Бүгінде 6100 екібастұздық кезекте тұр. Бұл - жоғары көрсеткіш, - дейді Ержан Иманзайыпов.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, құрылыстағы материалдардың басым бөлігі Павлодар облысында өндіріледі.

Айта кетейік, өткен жылы кеншілер мен энергетиктер шаһарында 400-ден астам пәтер қолданысқа берілген. Ал осы жылы көрсеткіш екі есеге артады. Солнечный кентіне келсек, бұл елді мекенде жалпы аумағы 7200 шаршы метрден асатын қос үйдің реконструкциясы жүргізіліп жатыр. Кент тұрғындарының кезекте тұрғандарының басым бөлігі көптен күткен пәтер кілттеріне ие болмақ.

Былтырғы жылы Екібастұз өңіріне "Нұрлы Ертіс" бағдарламасы бойынша 500-ге жуық азамат көшіп келген. Демографиялық жағдай жақсарып жатқандықтан, тұрғын үй құрылысы басты назардағы мәселелердің қатарында.

Өзгелердің жаңалығы