Нұр-Сұлтанда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы аталып өтті

16 Қазан 2019, 07:21
4918
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы аталып өтті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақтың біртуар перзенті, ақын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай елордадағы Сейфуллин музейінде салтанатты шара өтті. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі Fasebook-тегі  парақшасында жазды. 

Шараға қоғам қайраткерлері мен ақынның туыстары, абыз ақсақалдар мен жастар қатысты. Мерейлі мереке ардақты ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталды. Данагөй қарттар мен ақынның туыстары біртуар тұлға туралы естеліктерімен бөлісті. 

Фото С.Сейфуллин музейінің Fasebook парақшасынан алынды

Салтанатты шара Сәкен Сейфуллин музейінің жиналыс залында жалғасын тапты. Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы жиналғандарға ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орай жыл басынан бері музей аясында атқарылған келелі істерді баяндады.

Фото С.Сейфуллин музейінің Fasebook парақшасынан алынды

Ал Сәкен Сейфуллин музейінің тұңғыш директоры Роза Иманғалиқызы алғаш музейдің іргетасын қалау барысындағы игі істерді әңгімеледі.

Естеріңізге салсақ, жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласы мектеп оқушылары арасында дәстүрлі қалалық "Сәкен оқулары" өткен болатын. Ардақты тұлғаның туған күнін ұлықтау тартысты бәсекеде топ жарған жеңімпаздарды марапаттаумен жалғасты. Сәкен Сейфуллин музейі ұлт мақтанышының 125 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы 80-ге жуық мектеп қатысты. 

Фото С.Сейфуллин музейінің Fasebook парақшасынан алынды

Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына ерекше ықылас танытқан жас дарындар өз өнерлерін көрсетті. Қатысушылар төрт номинация бойынша қатарынан екі күн сынға түсті. Алғашқы күні "Сыр сандықты ашып қара" поэзиялық және "Қазақты қазақ дейік" прозалық номинациялары бойынша бәсекеге түссе, екінші күні "Арқаның кербез сұлу Көкшетауы" Сәкеннің әндері және «Сәкеннің аманаты» атты театрлық қойылым номинациялары бойынша бақтарын сынады. Сәкеннің ел қазынасына айналған әсем әндері шырқалды. Ұлы тұлғаның өмір өткелдерін бейнелейтін әсерлі қойылымдар жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Фото С.Сейфуллин музейінің Fasebook парақшасынан алынды

Ардақты ақынның туған күніне орай өткізілген шарада жүлделі орынға ие болған жеңімпаздар марапатталды. Оларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. 

Өзгелердің жаңалығы