Павлодарда 5512 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті

6 Мамыр 2019, 14:57
3041
Бөлісу:
Павлодарда 5512 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай өткен шараға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлады.

Әскери бөлімге келген өскелең ұрпақ сап түзеген сарбаздардың өмірімен, әскери қару-жарақтармен, техникалардың түр-түрімен танысты.

«Бүгін Павлодар қаласының колледж студенттері мен мектеп оқушыларына есігімізді айқара ашып, әскери өмірді өз көздерімен көруге мүмкіндік беріп отырмыз. Олар әскери техникалармен танысып, сарбаздарымыздың қолданатын қару-жарақтарын ұстап көруде. Жалпы, сарбаз болудың қыр-сырымен танысуда. Жас ұрпақ – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың бойына патриоттық тәрбие сіңіру үшін мұндай ашық есік күндердің маңызы зор. Кезекті шарамызды Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орайластырдық. Негізі қалалық білім беру ұйымдарының сұрауымен ашық есік күні жиі өткізіліп тұрады», - дейді 5512 әскери бөлімінің командирі, подполковник Кенжебек Төкешев.

Әскерлердің өмірін естіп, телеарналардан көріп жүретін павлодарлық оқушылар мен студенттер бұл әлеммен арнайы барып танысқандарына қуанышты.

«Ұстаздарым әскери бөлімге барып, ондағы тіршілікпен жақын танысуға болатынын айтқанда, бірден баратынымды айттым. Себебі, маған әскери өмір өте қызықты. Әскери қару-жарақтарды, ауыр техникаларды бүгін жақыннан көре алдық. Уақыты келгенде мен де әскери борышымды өтеуге ойланбастан барамын», - дейді Павлодар техникалық сервис колледжінің студенті Андрей Мельник.

5512 әскери бөлімінің сарбаздары Павлодар қаласы мен облыста ішкі қауіпсіздікке қызмет етеді. Яғни, қоғамдық тәртіпті қорғайды.

Өзгелердің жаңалығы