Мысыр елшісімен әлеуметтік-еңбек саласында тәжірибе алмасу мүмкіндігі талқыланды

7 Шілде 2022, 21:11
1259
Бөлісу:
Мысыр елшісімен әлеуметтік-еңбек саласында тәжірибе алмасу мүмкіндігі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мысыр Араб Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Маналь Әл-Сайед Яхья әл-Шиннауимен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында тараптар екі елдің әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастығын және тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады.

Диалог барысында Тамара Дүйсенова министрлік әзірлеген жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру туралы айтты.

Адам әрқашан мемлекеттің назарында. Біздің міндетіміз – азаматтардың барлық санатын дүниеге келген сәттен бастап кәрілікке дейінгі аралықта әлеуметтік қорғау, оларды нәтижелі жұмыспен қамту үшін жағдай жасау. Ең алдымен, біз қазақстандық отбасын дамыту үшін базалық жағдайларды жасауға баса назар аударамыз, онда әрбір отбасы мүшесі өз машығы мен қабілетіне сүйене отырып, жұмысқа орналасу үшін тең мүмкіндіктерге ие болады, – деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ министр Отбасының цифрлық картасын енгізу, ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын және ҚР Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде айтты. Сонымен қатар әлеуметтік-еңбек саласын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан өзге де жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, қолданыстағы көп деңгейлі зейнетақы жүйесі, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту жөніндегі шаралар кешені, кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру, ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөнінде ақпарат берді.  

Тамара Дүйсенова екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін, сондай-ақ Мысырдың әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу арқылы қабылдаған бірқатар шараларын атап өтті.

Министрдің айтуынша, Мысыр Араб Республикасының әлеуметтік қызмет көрсетуге тарифтерді белгілеу мен жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік сақтандырудағы тәжірибесі Қазақстан үшін тиімді болуы мүмкін. Бұл ретте Мысыр халқының саны көп екенін ескеру қажет.   

Өз кезегінде Мысыр елшісі екі ел арасындағы әлеуметтік, мәдени, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және т. б. салалардағы ұзақ әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа назар аударды.

Ол алдағы уақытта бірлескен жұмысты жалғастырудың, соның ішінде биыл қараша айына жоспарланған Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы