Кейбір адам үйдегі ит-мысығын төсегіне үйретіп алған. Олар мұны еркелеткеннен емес, жан тыныштығы деп түсіндіреді. Бірақ ұйқыға әсер ететінін ескеретіндер аз, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press-ке сілтеме жасап.
Оңтүстік Каролина медицина университетінің ұйқы денсаулығы бойынша профессоры Мелисса Миланактың айтуынша, оның клиникасына келетіндердің мазасын үй жануарлары алған.
Бүкіл адам үшін зиян деу қиын, бірақ үй жануарымен бір төсекте жату ұйқы сапасына кері әсер етеді дейтіндер көп, – дейді ол.
Маманның сөзінше, жалпы үй жануары адам денсаулығына пайдалы. Олар күйзелісті азайтып, қозғалысты арттырып, психологиялық жайлылық береді. Алайда ит пен мысықтың ұйқы режимі бөлек екенін ескеру керек.
Иттер жеңіл ұйықтап, түнде бірнеше рет оянады. Кейбірі инстинктпен көрпені тырналап, тыныштықты бұзуы мүмкін. Бұл сізді бірден оятпағанымен, ұйқының терең фазасына кедергі келтіреді.
Табиғаты түнде сергек болуға бейім мысықтар таң мен ымыртта белсенді болады. Бұл кезде сіз ұйықтап жатуыңыз мүмкін.
Миланак үй жануарының жүні мен сырттан әкелетін микробтары да адам тынысына әсер ететінін атап өтті.
Коннектикуттегі Тринити колледжінің әлеуметтік психология профессоры Брайан Чин да бұл пікірді растайды. Оның зерттеуі үй жануарымен бірге ұйықтайтын адамдардың арасында ұйқы сапасы төмен әрі ұйқысыздық белгілері жиі кездесетінін көрсетті.
Менің бір мысығым түнде мазамды алады, екіншісі – тыныш. Бірақ мен өзіме де мойындағым келмейді, – дейді ол.
Оның зерттеуіне сәйкес, үйдегі жануар саны артқан сайын ұйқының бұзылу ықтималдығы да жоғарылай бермек.