Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше жазушы, қоғам қайраткері, Мырзагелді Кемел қайтыс болған болатын. Қазақтың "Ақыл қалтасы" атанған жазушының 3 жыл бұрын Baq.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатын назарларыңызға қайталап ұсынуды жөн көрдік.
Елбасының мақаласынан кейін қолға алынған "рухани жаңғыру" бағдарламасы бүгінгі таңда қызу қолдау тауып, ел болып атқарар игі істердің біріне айналды. Бұл елдік жоба туралы әркім әр түрлі пікір айтып, біреу ел үшін ең керек дүние десе, тағы біреу бұндай дүниенің не керегі бар дегенді де айтып жатыр. Ал біреулер рухани жаңғыруды бұдан да ерте бастау керек еді деген пікірде. Дегенмен, жер бетінде қанша пенде болса, сонша көзқарас болады дегендей, қазақ зиялы қауым өкілдері бұл жаңғырудың басталғанына ыразы.
Осы әңгіме төңірегінде танымал көсемсөзші, экономика ғылымдарының докторы Мырзакелді Кемел өз ойымен бөліскен еді.
- Рухани жаңғыруды жүзеге асыруды кештеу бастады. Дегенмен ештен кеш жақсы деп, басталған істің нәтижесі қандай болады? Бұл бағдарлама жүзеге асып біткенде Қазақстанды қандай өзгеріс күтеді?
- "Рухани жаңғыру" бағдарламасы – Елбасының түрлі бағыттарға арналған бағдарламалық құжаттарының бірі. Уақыт сәті келіп, енді жария көргенімен руханиятқа назар салу бұрыннан басталып кеткен. Басқасын айтпағанда, "Мәдени мұра" - соның айғағы. Бірақ, "жаңғыру" деген сөз – орынды пайдаланылмағандай көрінеді. Бір сөзге күмән туа қалса, орысша нұсқасы қалай болады деп ойланамыз. Орысшада жаңғыру – обновление, обновляться. "Жаңғыру" сөзінің шын мағынасы да осы. Жаңғыру – ескі тақтайды жонып, жаңғырту, ескі көрпені сөгіп, қайта тыстауға дұрыс келеді. Біз "Рухани жаңғыру" дегенде "Рухани жаңару" дегенді ойлаған болсақ керек. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мазмұны жақсы, барлық мәселе қамтылған. Ұсыныстар – астарлы. Менің көңіліме "туған жер" атауы – "туған ел" деген ұғымға бағыттап тұрғандай. Туған жер – туған елге, яғни Отанды сүюге, бағалауға, құрметтеуге ұласса деп тұрғандай. Отанды сүю – мемлекетшілдік, руды ұлттан биік қоймау, елдің қызметіне жарауды мақсұт тұту.
- 100 жаңа оқулық жобасына көзқарасыңыз қандай? Қазақы менталитетке еуропаның егоистік көзқарастағы оқулықтары әсер ете ме? Жалпы біз осы 100 оқулық мәселесінде ұрпақтың болашағы үшін қателік жасап отырған жоқпыз ба?
- Басқа оқулық жоқ. Қазақы менталитетке лайық оқулықты өзіміз сол Еуропаға лайықталған оқулықтан жасап алуымыз керек, бәрін бірден қотара бермей. Еврейлер туралы бір тәмсіл бар. Иерусалимды арабтар басып алғанда, нашар, кедей отбасылар көше алмай қалып қойған. Біраз жыл өткен соң солар тауға, отандастарына хат жазып: мұндағылар біздің балаларымызды дұрыстап оқытпайды, өзімізге дұрыс қызмет бермейді, - десе, таудан жауап келіпті: «Егер сендердің балаларыңды дұрыстап оқытпайтын болса, өздерің жетіліп, өз балаларыңды өздерің оқытыңдар. Егер өздеріңе лайық қызмет бермесе, өздерің жетіліп, өз адамдарыңа өздерің қызмет беріңдер» деген жауап келіпті. Біз де бергенді сіңіріп, еуропа оқулығын түгін қалдырмай аудармалап, үнді мен түріктің ондаған-жүздеген сериядан тұратын таусылмас фильмдерін көріп отыра бермей, өзіміз әрекеттенуге тиіспіз. Әркім қолынан келген үлесін қоссын.
- 100 жаңа есімді анықтауға деген көзқарасыңызды айта кетсеңіз?
- "100 жаңа есім" - әдемі ұсыныс. Бірақ мұнда да сонау Баласағұннан бастау неге керек."«Жаңа есім" деп тұрған жоқ па?! Бүгінгі жаңа есім – жасы отыздардағы озықтар, өнертапқыштар, инженерлер, жаңашылдар, Дәурен Сәдуақасов, Илья Ильин, Димаштар ғой...
- Қазіргі таңда рухани жаңғыру бағдарламасында көпшіліктен ерекше қолдау тауып отырғаны "Киелі Қазақстан картасы", яғни туған жер бағдарламасы. Біз бұл тұрғыда нені анықтауымыз керек? Қазақстанның барлық жері киелі емес пе?
Шыңғыс хан Түркістанды жаулап алғанда, елдегі білгір діндарыңызды шақырыңыз, діндеріңізді танығым келеді, - депті. Бұқар көрген ғұламаны тыңдап болып: "Діндерің жақсы екен. Бірақ Меккені киелі санап, ерекшелегендеріңе қосыла алмаспын. Әркімнің туған жері – өзіне киелі" деген екен.
- Әңгімеңізге рахмет!