Мырзағалиев мұнай өндіру көлемінің қанша пайызға артқанын айтты

3 Мамыр 2022, 12:27
1591
Бөлісу:
Мырзағалиев мұнай өндіру көлемінің қанша пайызға артқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі «ҚазМұнайГаз» еліміздің мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

Бүгінде «ҚазМұнайГаз» Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25 пайызын және көмірсутектерді өңдеудің 81 пайызын қамтамасыз етеді. Осы кезеңде мұнай өндіру көлемі 3 есеге өсті. Егер 2002 жылы бұл көрсеткіш 7,4 млн тонна болса, былтырғы қорытындыда 21,6 млн тоннаны құрады. Нәтижесінде компанияның мұнай өндіру көлемі 300 млн тоннадан асты. «ҚазМұнайГазға» еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты қарасты. Олар – Павлодар, Атырау, Шымкент зауыттары және Ақтау қаласында битум зауыты бар. 2002-2021 жылдары аралығында мұнай өңдеу көлемі 18,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Яғни, 8,2 есеге өсті, - деді ол «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі кеңесте.

Оның атап өтуінше, «ҚазМұнайГаз» қарамағында 73 мыңнан астам қызметкер бар. Сонымен қатар ірі мердігерлік ұйымдар мамандарының саны 27 мың адам.

Компаниямыз елдің барлық өңірінде жұмыс істейді.  Біздің кәсіпорындар көп шоғырланған аймақ - Маңғыстау облысы. Сондықтан бұл аймақтағы жағдай жіті назарымызда. Ондағы 18 кәсіпорында 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен қатар кәсіпорындарымызға қызмет көрсететін 90-нан астам мердігерлік ұйым бар. Ол мекемелерде 19 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Жаңаөзенде «ӨзенМұнайГазды» қоса алғанда, 6 кәсіпорын орналасқан. Оларда жалпы 13 мыңнан астам жұмыс істейді. Ал мердігерлік мекемелерде шамамен 12 мың адам, - деп атап өтті М. Мырзағалиев.

Өзгелердің жаңалығы