Мырзағалиев «АрселорМиттал Теміртау» басшылығына өндірісті жаңғырту туралы шарт қойды

23 Ақпан 2021, 16:15
1267
Бөлісу:
Мырзағалиев «АрселорМиттал Теміртау» басшылығына өндірісті жаңғырту туралы шарт қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев «АрселорМиттал Теміртау» табиғатты қорғау іс-шаралары тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтінін жеткізді. 
 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының вице-президенті Вижай Гоял мырзамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар компания өткізетін табиғатты қорғау іс-шараларын, сондай-ақ эмиссиялардың асып кетуі бойынша таяудағы оқиғаны талқылады.

Әңгіме барысында министр Теміртау атмосферасының ластану деңгейі бүгінгі таңда елдің басты экологиялық проблемаларының бірі екенін атап өтті.

Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, жыл сайын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық кешенінен атмосфералық ауаға 230 мың тоннадан астам ластаушы заттар шығарылады. Бұл қаланың әрбір тұрғынына шамамен 11 тонна ластаушы заттан келеді деген сөз.

Экология министрлігінің басшысы компания жүзеге асырып жатқан табиғатты қорғау іс-шараларын тиімсіз деп атады.

Кәсіпорында тек қағаз жүзінде және «боялған есептілікте» жұмыс істейтін тиімділігі аз табиғат қорғау шаралары енгізілді, - деп атап өтті министр. 

Соңғы 5 жылда кәсіпорын табиғатты қорғау іс-шараларына 28 млрд теңге жұмсады. Ал экологиялық тиімділік шығарындылардың 190 тонна немесе «АрселорМиттал Теміртау» нақты шығарындыларының 0,08%-ға төмендеуін ғана құрады.

2019 жылы компания 2019-2024 жылдар ішінде шығарындылар көлемін 60 мың тоннаға азайту міндетін өзіне алды.

Алайда кәсіпорын әлі күнге дейін өзіне алған міндеттемелерді орындау бойынша шаралар қабылдамайды, - деп атап өтті Мырзағалиев. 

Теміртаудың экологиялық ахуалын ескере отырып, Экология министрлігінің басшысы компания басшылығының алдына ең озық қолжетімді технологияларға көше отырып, шығарындылар көлемін таяудағы 4 жылда кемінде 30%-ға төмендете отырып, өндірісті толық реконструкциялау және жаңғырту туралы мәселе қойды.

Сондай-ақ министр нақты уақыт режимінде деректерді бере отырып, эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.

Қала экологиясының жай-күйін жақсарту шараларының қатарында Мағзұм Мырзағалиев компанияның Теміртау мен оған іргелес аумақта (500 мың ағаш отырғызу) «жасыл белдеу» құру жөніндегі міндеттемесін еске салды.

Биылғы сәуір айында компания өндірісті жаңғырту және қайта құру бойынша стратегиялық даму жоспарын ұсынуы тиіс.

 


 

Өзгелердің жаңалығы