Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елдегі тұрмыстық және өндірістік қалдықтар мен қоқыс полигондарының бүгінгі ахуалын баян етті. Ол ҚР Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында радиоактивті қалдықтарды реттейтін бап заңда көзделмегенін айтты.
Жалпы осы радиоактивті қалдықтарды реттейтін бап заңда жоқ. Сондықтан да осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін ұсыныс енгіздік. Алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенеміз. 2016 жылы біздің экология министрлігімен тиісті методология бекітілген болатын. Сол әдістемеге сәйкес жалғыз Алматы қаласы ғана өз тарифтерін 553 теңгеге көбейтті. Қалған өңірлерде бұл методологияға да сай келмейді, - деп жауап берді ол сенатордың сұрағына.
Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин министр мырзаның жауабына қанағаттанбайтынын айтты.
Өйткені радиактивті лас қалдықтар туралы Шығыс Қазақстан облысынан өтінім келу керек деген шаблонды жауап деп санаймын. Министрлік бұл мәселеге өте жүйелі қарау керек. Бұл күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе. Сондықтан полигондар мен радиоактивті улы қалдықтар туралы жазбаша жауап беруін сұраймын, - деді сенатор Мусин.
Мағзұм Мырзағалиев елге шетелден инвестиция тарту мәселесіне де тоқталды.
Инвестициялар тарту үшін біз жаңа Экологиялық кодекске тиісті нормаларды енгіздік. Еуропа және басқа да шетелде жақсы дамыған механизмді енгіздік. Сол тетіктің арқасында ғана экология саласында оң өзгерістерді жасай аламыз. Неге десеңіз, әрине бюджет есебінен де іске асыруға болатын шығар, дегенмен бұл – ауқымды қаражат. Сол себепті біз жекеменшік инвесторларды тартуымыз керек, - деп бүгінде бұл мақсатта ірі жобалар қолға алынғанын атап өтті.Осыған дейін экология министрі 9 мыңнан астам заңсыз орналасқан 9 мыңнан астам заңсыз төгілген қалдық үйінділерінің 14%-ы жойылғаны туралы айтты.